МТРА жаңалықтары

Құмар Ақсақалов жастармен эко-сағат өткізді

Полиэтиленнен бас тарту, қалдығы көп көмірді сабанмен алмастыру және жел мен күн энергияларын пайдалану. Қоршаған ортаны қорғау проблемалары бүгін республика бойынша талқыланды. Арнайы эко-сағатты аймақ басшысы Құмар Ақсақалов та өткізді. Әкім Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенттерімен кездесіп, экологиялық түйіткілдерді тілге тиек етті. Бұдан бөлек өңір жетекшісі колледждің бүгінгі тынысымен танысты.

1400 студент, 9 мамандық. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі жұмысшы мамандарды даярлайды. Болашақ тас қалаушылар мен дәнекерлеушілер, кондитерлер, аспаздар мен технологтар білім алады мұнда. Заңгерлер мен экономистер де бар.

Роза Күлжанова – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары:

– СҚО-да түлектердің 80 пайызы жұмыспен қамтылған. Сұраныс болған соң, оқыту сапасы да бізде жоғары деңгейде. жыл сайын біз жұмысшы мамандықтар бойынша 150-200 студент қабылдаймыз. Соңғы жылдары сол жоспарды орындамадық деген болған емес.

Колледжде бүгін аймақ басшысы қонақта болды. Құмар Ақсақаловқа басшылық білім ордасының бар потенциалын паш етті. Оқу-өндірістік цехте студенттер болашақ кәсіптеріне қажет машықтарды қалыптастырады. Бірақ, мамандық алу бір бөлек, сол мамандық бойынша жұмыс істеу бір бөлек. Колледж түлектері диплом алған соң, кәсібі бойынша жергілікті компанияларда еңбек етуі тиіс. Өңір жетекшісінің сөзінше, өлкеде құрылыс қарқыны артып келеді, ал жұмысшы қолдары, керісінше, жетіспейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қалада осымен екінші жыл тас қалаушы мен дәнекерлеушілер тапшы. Мамандарды өзге облыстардан шақыртуға тура келіп жатыр. Қазір бұл мамандарға деген сұраныс жоғары. Бірақ, ең бастысы – сапа. Кадрлар білікті болуы керек.

Құмар Ақсақалов болашақ ағаш шеберлерінің цехіне де бас сұқты. Студенттердің қолдарынан туған бұйымдар әкімді таң қалдыртпай қоймады. Бірақ, бұл әдеміліктің бәрі тек сөрелерде тұрады. Аймақ басшысының сөзінше, дарынды ұл-қыздардың колледж қабырғасында ақша табу мүмкіндігі болуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұйымдарды әзірлеп, студенттер сатсын. Түскен ақшаға материалдарды алатын болады. Сонда ғана балалардың кәсіпке деген қызығушылығы артады. Олар кешке бос жүрмей, 16 жасынан ақша табатын болады.

Экскурсиядан соң әкім білім алушылармен жүздесті. Бірақ, отырыс тақырыбы мүлдем басқа. Құмар Ақсақалов пен студенттер экологиялық проблемаларды талқылауда. Мұндай “экосағаттар”, айтпақшы, бүгін күллі республика бойынша өтіп жатыр. Басты сұрақ – қоршаған ортаны қалай сақтап қаламыз?

Ермек Сағнаев – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Егер біз газбен жылыту жүйесіне көшетін болсақ, орманды кесу азайтылады, ауа тазартылады. Біз пластик бөтелкелер мпен полиэтилен пакеттерден бас тартуымыз керек. Олар біздің экологиямызды құртады.

Белсенді жастар идеяларымен жарыса бөлісуде. Қоқысты бөліп жинау принципін қалыптастыру керек, полиэтиленнің орнына қағаз пакеттерді айналымға енгізу шарт, энергияның баламалы көздеріне көшу де маңызды. Экологияны тұрақтандыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Атқарушы билік бұл бағытта жұмыс жасауда. Қазірдің өзінде облыста пластик пен полиэтилен қалдықтарын жинап, қайта өңдейтін кәсіпорындар бар. Сондай-ақ, теріскей өңірі ақырындап тас көмірден бас тартып жатыр. Қалдығы көп қара отынның орнын қарапайым сабан басуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір өңір бойынша биоқазандықтар көптеп орнатылуда. Олардың көмегімен бірқатар мектептер мен ауруханаларды көмір емес, жасымық сабаны арқылы жылытып жатырмыз. Бұл сабанның 1,5 тоннасы 1 тонна көмірді алмастырады, ал қалдықтар мүлде жоқ деуге болады. Бұл қоршаған ортаға да пайдалы, бюджет қаржысын үнемдеуге де мүмкіндік береді. Сондықтан, қазір биоқазандықтарды тұрғын үйлерді жылытуда да пайдалану жағын қарастырып жатырмыз.

Ауаның ластануы туралы мәселе де талқысыз қалмады. Автокөліктердің саны көбеюде, сәйкесінше олар ауаға лақтыратын қалдықтардың мөлшері де артуда. Осы орайда Құмар Ақсақалов жанар-жағармай өндіру тәсілін өзгерту керек деп санайды. Бүгінде облыста биоэтанол шығаратын зауыт бар. Сол биоэтанолды бензин өндірісінде қолдану керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде отандық мұнайөңдеуші зауыттар бензин өндірісінде метанолды пайдаланады. Ол газды қайта өңдеу нәтижесінде алынады. Сондықтан, бүгінгі бензин экологияға зиянды. Ал биоэтанол бидайды терең өңдеу арқылы алынады. Яғни, егер метанолды биоэтанолмен алмастырсақ, қоршаған ортаға келтірілетін залал бірнеше есеге азаяды.

Ғаламдық жылыну түйткілін зерттеген қытайлық ғалымдар бұл процесті тоқтату үшін әлем бойынша 59 млрд ағаш отырғызу керектігін есептеп шығарған. Бұл туралы өңір жетекшісі айтты. Сондықтан, отырыстан соң бәрі су жаңа құрылысшылар аллеясына беттеді. Ол Ярослав Гашек көшесінің бойында орналасқан. Бұл мамандық иелеріне арнап саяжол соғу – өңірлік құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Сергей Тимофеевтің бастамасы. Аймақ басшысы студенттермен бірлесе аллеяға алғашқы көшеттерді отырғызды.

 

 

Саят Ермек