Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аутист балаларға арналған “Асыл Мирас” орталығы ашылды

Өңірде аутизм дертіне шалдыққан балғындардың саны 400-ден асады. Бүгін осы ұл-қыздарға арнап Петропавлда Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры мен облыстық әкімдік бірлесіп, «Асыл Мирас» орталығын ашты. Оңалту орны жылына 500-ге дейін аутист балаларға көмек көрсете алады. Мамандар бүлдіршіндерді тегін түрде қабылдамақ.

Әлеуметтік ортаны, адам мен отбасының жағдайын таңдамайды. Бірден көзге білінбейді, өсе келе қимыл-қозғалыс пен мінез-құлық арқылы танылады. Бұл – қоғамда көп айтыла бермейтін, бірақ соңғы жылдары жиі кездесетін аутизм туралы. Ләззат Балтаева аталған дертпен бетпе-бет 2015-те соқтығысыпты. Нәзікжандының ұлы 5 жасар Әлиасқарға аутизм диагнозы қойылған. Интернетте ақпарат аз, ал шаһарда ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар жоқ. Қазақстанның өзінде де ол кезде педагогтар тапшы еді. Ал, 2017-де ана тағы бір баласының аутистік спектрдің ауытқуына шалдыққанын анықтаған.

Ләззат Балтаева – қала тұрғыны:

– Балаларға күнделікті мамандармен жұмыс жасап, дағдысын дамыту керек. Ол үшін отбасыны осында қалдырып, бірнеше айға Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласына бару қажет болатын. Мәселе қаржыға келіп тірелетін. Бертін келе қаламызда арнайы педагогтар жұмысын бастады. Бір баланың сабағы күніне 5 мың теңгені құрайды. Мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық. Барлық оңалту шараларына отбасылық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.

Ата-аналар қауымы үшін бүгін шынымен де ақ түйенің қарны жарылған күн. Енді оңалту шараларының барлығын «Асыл Мирас» орталығынан алуға болады. Мекеме жыл сайын 500-ге жуық балаға көмек қолын созбақ. Оңалту орны Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қорының қолдауымен ашылыпты.

Марат Айтмағамбетов – Болат Өтемұратов қорының директоры:

– Жобаны облыстық әкімдікпен бірлесіп жүзеге асырдық. Атқарушы билік өкілдері нысанға орын бөліп, жөндеу жұмысын жасады. Сондай-ақ, шаруашылық шығын мен қызметкерлердің жалақасы да жергілікті бюджеттен бөлінетін болады. Ал, біз мамандарды оқытып, даярлауды өз мойнымызға аламыз. Тағы орталықты барлық заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында да жұмыс істемекпіз.

“Асыл Мирас” орталығы еліміздің өзге де 7 шаһарында жұмыс істеп жатыр. Алғашқылары 2015-те аутист балаларды қабылдауды бастаған екен. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде аталған дертке 4 мыңға жуық балғын шалдыққан. Ал, біздің өңірде олардың саны 400-ден асады. Ұл-қыздардың барлығын оңалту шараларымен қамту мақсатында елді мекендерде де тиісті кабинеттерді ашу – жоспарда. Атап өту қажет, бүгін солардың бірі Тайынша қаласында халық игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін мекемелер әрбір аудан орталығында жұмысын бастамақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қорына алғыс айтамын. Барлық қажетті жабдықпен қамтылды. Педагогтар оқудан өтті. Енді қаладан шықпай-ақ балалармен жұмыс істеуге болады.

Аутизм диагнозы әдетте бала 4-5 жасқа келгенде анықталып жатады. Ал, бүгінде орталықтағы заманауи технологиялардың көмегімен дертті сәби кезден-ақ анықтаудың мүмкіндігі тууда. Нысанның аумағы 500 шаршы метрді құрайды. Әрбір кабинет балғындардың дағдыларын дамытуға бейімделіп жасалған. Орталыққа келгенде бүлдіршіндер ең бірінші кезекте диагностикадан өтеді. Кейін оларға арнайы бағдарлама құрастырылады.

Әлия Рахимова – «Асыл Мирас» аутизм орталығының педагогы:

– Біз балаға дәл осы жаста қандай дағдының аса қажет екенін анықтаймыз. Соны бірінші кезекте дамытуға көп көңіл бөлеміз. Кейін жеке бағдарлама бойынша жұмысты жалғастырамыз.

Орталықта 10 білікті маман еңбектенеді. Педагогтар ұл-қыздармен аптасына 3 мәрте жұмыс жасамақ. Жүйелі шаралардың нәтижесі көп ұзамай-ақ біліне бастайды дейді педагогтар. Оны 5 жасар баласын ертіп келген Жанна Нұрмұқанова да бірден байқапты.

Жанна Нұрмұқанова – қала тұрғыны:

– Баламның тілі кеш шықты. 4 жасында белгілі бір сөздерді айта бастады. Бірақ, сөйлем құрамайтын. Енді орталықтағы мамандардың көмегіне жүгінбекпіз. Осыған дейін елордада оңалтудан өткенбіз. Диасқа өте ұнады. Енді шараларды Петропавлда жалғастыратын боламыз.

«Асыл Мирас» аутизм орталығы Жамбыл Жабаев көшесі, 80 мекенжайындағы көпқабатты үйде орналасқан. Мамандар ұл-қыздарды тегін қабылдайды.

 

Эльмира Садвокасова