МТРА жаңалықтары

СҚО жемқорлық деңгейі ең төмен облыстардың қатарында

Жыл басынан бері облыста 4 шенеунік парамен ұсталып, жауапқа тартылды. Ал әшкереленген жемқорлық фактілерінің саны 90-ға жуықтайды. Бұл көрсеткішпен теріскей ел бойынша парақорлық деңгейі ең төмен аймақтардың тізіміне кірді. Десе де, жергілікті атқарушы билікті кадрлық мәселе толғандырады. Жалақының аздығы, ал жүктеменің көптігінен мемлекеттік органдарда мамандар жиі ауысатын көрінеді. Осы және тағы бірқатар түйіткіл бүгін ведомствоаралық отырыста сөз болды.

 Саят Ермек – тілші:

– Солтүстік Қазақстан жемқорлық деңгейі ең төмен облыстардың қатарында. “Transparency Kazakhstan” қоғамдық қоры жүргізген зерттеу осындай нәтиже берді. Халықаралық рейтинг агенттігінің мамандары 700-ге жуық жерлесімізден сауалнама алған. Олардың басым бөлігі теріскейде істі парасыз шешуге болады деген байлам жасапты. Ал респонденттердің шамамен 7 проценті, керісінше, парасыз шаруаны тындыру тіпті мүмкін емес деп санайды.

Десе де, ХҚКО, аурухана-емханалар мен балабақшаларда мәселені ақша беріп шешу мүмкіндігі жоғары. Бұл – бұқараның пікірі. Алайда, пара туралы сөзді көбіне алғашқы боп азаматтардың өздері қозғайтын көрінеді. Өйткені, басты ауыртпай, біреуге қаржы беріп, істі тез әрі сапалы шешуді құп көреді көбі. Бірақ, бұл шенді-шекпенділеріміз сүттен ақ, судан таза дегенді білдірмейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы жылдың 8 айында 86 қылмыс жасалынып, 27 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде 4 адам – жергілікті атқарушы органдардың қызметшілері. Олардың саны 36 проценке төмендеді. Бұл жақсы жағдай, десе де, әлі біраз жұмыс істеу керек.

Ия, оң динамика бар, бірақ кеселді әлі түп-тамырымен жеңген жоқпыз деді Құмар Ақсақалов. Өңір жетекшісі бұқараны жатырқамай, парақорлық жайлы ашық айтуға шақырды. Тағы мемлекеттік қызметтерді көрсету шаруасын оңтайландырып, қағазбастылықты қысқартуды да тапсырды. Ал өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство бастығы Ерлан Баянғазин парақорлыққа қатысты жазаның күшейгенін еске салды. Енді қарамағындағының қылмысы үшін басшы да жауапкершілікке тартылады.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мемлекеттік қызметші жемқорлық фактісімен істі болса, оған жол беріп қойған бірінші басшы отставкаға кететін болады. Басшының өзі адал адам болғанымен, қол астына лайықты әріптесті таңдай алуы тиіс.

Десе де, жергілікті атқарушы органдарда кадр дефициті байқалады. 309 маман жетіспейді бүгінде. Алайда, Құмар Ақсақалов бұл бос жұмыс орындардың орнын толтыруға тыйым салды. Мемлекеттік қызметшілердің санын көбейткенше, сапасын арттыру керек дееді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекеттік органдарға жаңа мамандарды жұмысқа алуға мораторий жариялаймын. Қызметшілерді көптеп ұстаудың не қажеті бар? Әкімдердің аппараттары ықшам болуы тиіс. Еңбеккерлердің санын қысқартып, олардың жұмысын оңтайландыру керек. Мұны Президент те жолдауында айтты.

Оңтайландыру өз кезегінде баяғы бюрократияны қысқартуға, шешімдерді тез қабылдауға сеп болады. Ал жетіпсейтін мамандардың жалақысын өзге еңбеккерлерге сыйақы не үстемеақы ретінде бөліп беру керек. Алайда, кей басшылар үнемделген қаржыны мүлде басқа мақсаттарға жұмсайтын көрінеді. Әкім мұны сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұған қатаң тыйым саламын! Үнемделген ақшаны жалақыға емес, басқа қажеттіліктерге жұмсаған шенеуніктер жазаланатын болады. Қатардағы қызметшілердің айлығы жай да аз, ал сіздер оларды қосымша төлемдерден айырып отырсыздар.

Бұл жергілікті атқарушы биліктегі жалғыз кадрлық проблема емес. Мемлекеттік қызметшілер жиі ауысады. Жыл басынан бері облыс аумағында 519 маман жұмыстан шығып кеткен. Бұған не себеп? Мұны білу үшін жауапты ведомство жасырын сауалнама жүргізіпті. Мемлекеттік қызметшілер көбіне айлықтың аздығына шағымданған. Басым бөлігі жұмыс кестесі қиын, демалыс күндері еңбек етеміз деп жауап берсе керек. Ол-ол ма, жүктеменің шамадан тыс көптігінен мемлекеттік қызметті тастап кеткен мамандар да жоқ емес.
Кадрлардың жиі ауысуы сапаға әсер етпей қоймайды. Бұл-шындық. Сондықтан, мәселені біржақты ету керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қажеті шамалы есептерді жасатпаңыздар. Бұл – басы артық шаруа. Өйткені, ерте ме, кеш пе жүктеменің ауырлығынан қызметкер жұмыстан кетіп қалады. Сондай-ақ, әрбір мемлекеттік қызметшінің мансап бойынша жоғарылауына мүмкіндік болуы тиіс.

Кейін, мінберден өңірдің бас полицейі Марат Төлебаев сөйледі. Оның сөзінше, облыста орын алған жол-көлік апаттарының саны былтырғы көрсеткішпен бірдей.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

– Қалалар мен елді мекендер жолдарындағы апаттар шамамен 18 пайызға өскен. Апат салдарынан қаза болғандардың саны – 40, ал жапа шеккендердің саны 25 пайызға артты.

Аварияларға, көбіне, жүргізушілер мен жүргіншілердің өздері кінәлі дейді департамент бастығы. Көбі ережелерді елемейді. Асфальттағы ой-шұқырлар да апатқа әкеп соқтырған жағдайлар аз емес. Өйткені, жаңадан салынған жол көп ұзамай тозып қалады. Осы орайда қазір өңір прокурорлары тиісті тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

Айман Әбдірова, СҚО прокурорының орынбасары:

– Облыстық маңызы бар 29 жол мен Петропавл қаласындағы 40 көшені прокуратура тексеріп жатыр. Алдын ала мәліметтерге сай, бұл жолдардың жартысына жуығында жөндеу сапасыз атқарылған. Сондықтан, тапсырыс беруші мемлекеттік органдарға мердігерді таңдауға баса назар аударған жөн.

Сапа бұдан былай қатаң бақылауда болады. Енді өңірде оны тексеретін арнайы зертхана бар. Ал Петропавл көшелеріндегі апаттардың санын қалай қысқартуға болады? Көліктер жыл санап көбейіп келеді, сәйкесінше жолдарға түсетін жүктеме де артуда. Сондықтан, Марат Төлебаев Бөкетов көшесін кеңейту қажет деп санайды. Сондай-ақ, облыстың бас полицейі Пушкин көшесінің университет маңындағы бөлігінде жерүсті өткелін жасауды ұсынды. Бастаманы облыс әкімі құптады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мұндай жерүсті өткелдерін Пушкин көшесінде ғана емес, Петропавл мен Бескөлді байланыстыратын трассаға да салу керек. Өйткені, жол ауылды екіге бөліп тұр, ал жүргінші жолақтарының саны 3-4-еу ғана. Сондықтан, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек.

Саят Ермек – тілші:

– Ал Петропавлда бағдаршамдардың санын арттырып, жүргінші жолдары жоқ көшелерге тротуарларды көптеп төсеу керек. Тағы орталықты ғана емес, шалғайдағы көшелерді де жаппай жарықтандыруды қолға алған жөн. Түнде жанып тұратын жол белгілерін де көбейту қажет деді әкім. Шаһар басшысы Болат Жұмабековке аталған жұмыстарға 2020-ның бюджетінен тиісті қаражат қарастыру жүктелді.

 

 

Саят Ермек