ТЖ

Орақ кезіндегі өрт қауіпсіздігі

Жыл басынан облыс аумағында 500-ден астам өрт оқиғасы тіркелсе, 8-і ауыл шаруашылығы нысандарында орын алған. Орақ науқанының қарқыны қызу бүгінде. Алайда, шаруалар көп жағдайда өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермей жатады.

Теріскейдің ауа райы құбылмалы екені белгілі. Қазір өңірдің диқандары ашық күнді пайдаланып, көктемде еккен өнімдерін ысырапсыз жинап алу үшін жанталасуда. Осы қауырт кезде қауіпсіздікті де естен шығармау қажет. Өйткені, шылым шегу, жанар-жағармайға жақын жерде сіріңке жағу өңірде жиі болатын желдің әсерінен лапылдаған отқа айналуы мүмкін.

Мұндай жағдай қыркүйектің 22-сі Тайынша ауданында тіркелді.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– «Племзавод Алабота» серіктестігінде тиісті ережені ескермеудің салдарынан 6 гектар бидайды өрт шарпыған. Жұмысшылар егіс алқабында темекі шегіпті.

Төтенше жағдай Мағжан Жұмабаев ауданында да орын алған. Онда «Есіл» комбайны өртке ораныпты. Мамандардың айтуынша тілсіз жау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан пайда болған көрінеді.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қарапайым қауіпсіздік қаиғадаларын қаперде ұстау қажет. Мәселен, жұмысшыларға тиісті нұсқаулар берілуі тиіс. Техника өрт сөндіргіш құралдармен жабдықталуы керек.

Жалпы, жыл басынан бері облыста 501 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 8-і – ауыл шаруашылығы нысандарында, ал 354-і тұрғын үйлерде болған. Өрттен 29 адам қаза тауып, 18-і жарақат алыпты. Материалдық шығын 52 млн 658 мың теңгені құраған.

 

 

 

Бердимурат Баймухан