Аптадағы маңызды жаңалықтар

Археология әлемінен жаңалық

Археология әлемінен жаңалық. Теріскейде Алтын Орда кезеңінен қалған алғашқы тарихи ескерткіш табылды. 14-15-ші ғасырларға тиесілі мазар Уәлиханов ауданында орналасқан. Экспедиция 3 аптаға дейін жалғасыпты. Қазба жұмыстарына павлодарлық және жергілікті ғалымдар мен студенттер тартылған. Осы аралықта қандай жәдігерлер табылды? Қабірде кім жерленген? Оны білу үшін біздің түсірілім тобы 8,5 сағаттық жолға шықты.

Қазақ жерінің әлі ашылмаған сырлары көп. Оған облыс орталығын артқа тастап, 700 шақырым жерге барғанда көзің жетеді. Бұл – Уәлиханов ауданына қарасты Береке ауылының жанындағы Қызыл оба жері. Жүздеген жылдар бойы зерттелмей, қарапайым жазық дала саналып келген мекен енді барша қазақстандықтардың назарын аудартуда. Оған себеп – Алтын Орда заманынан сақталып қалған мына мазар. Дәлірек айтқанда, оның бір бөлігі. Тарихтың ғасырлың құпиясын ашатын ескерткішке бұрындары аса мән берілмеген екен. Тіпті, жергілікті тұрғындар да оны тек кірпіш үйіндісі деп санаған.

Кенжеғара Шаймағанбет – Қаратал ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Бала жасымыздан осында ойнайтынбыз. Мал бақтық. Ауылда кірпіш болған жоқ. Ал, осы жерде қызыл кірпіш жататын. Бірақ, оның не кірпіш екенін біз білген жоқпыз. Үлкендердің айтқанын кішкентайымызда тыңдай қоймаймыз ғой.

Құнды жәдігерлерге толы мекен туралы дерек алғаш рет ақпарат Әлихан Бөкейхановтың жазбаларында кездескен екен. Алайда, Кеңес заманында орта ғасырды зерттеуге тыйым салынған көрінеді. Сондықтан, археология әлемінің жаңалығы қазір ғана барша Қазақстанға мәлім болуда.

Тимур Смағұлов – археологиялық экспедицияның жетекшісі:

– Әлкей Марғұлан да кезінде нысандарға деген тарихи қызығушылығын танытқан болатын. Өзінің жазбаларында ғалым Қазақстанның солтүстігінде ортағасырлық қала мәдениетінің қалдығы бар деген болжамын білдірген. Ол теріскейде мазарлар, сарай мен керуен-сарайлардың орналасқаны туралы ақпарат қалдырды. Содан бері бірнеше жыл қатарынан мұнда археологтар келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Іске биыл біз де кірістік. Павлодар және Петропавл университеттерінің студенттерімен бірлесіп, қазба жұмыстарын жүргіздік.

Археологтардың анықтаған жәдігерлері аз емес. Басты назар жергілікті тұрғындарды да таң қалдырған кірпішке ауады, әрине. Тарихшылардың сөзінше, дәл осы күйдірілген материалға қарап үйіндінің орта ғасырға жататынын анықтауға болады. Ол алтынордалық стандарт екен. Ерекшелік тек мына біреулеріне тән. Экспедицияға қатысушылар кезінде өзінің ізін қалдырып, тарихта қалған құрылысшының кірпішін тапқан. Ол материалды әзірлеу барысында бірнеше сызба жасапты. Күйдірілмеген кірпіште ит пен қойдың да ізі қалыпты.

Тимур Смағұлов – археологиялық экспедицияның жетекшісі:

– Құмыраларға ұқсас мына қыш ыдыстар суармалы егіншілікте пайдаланылған. Олардың ішіне су құйылып, дөңгелекке бекітілген. Осылайша, доңғалақ айналғанда ыдыстан су аққан. Бұл – сол уақыттағы қалашықты тұрғызған инженерлер мен сәулетшілердің біліктілігін көрсетеді.

Қазба жұмыстарында еңбектеніп жатқандар – болашақ нағыз археологтар. Студент кездерінен-ақ жайлы үйді жазық далаға айырбастағандардың бірі – Дархан Нарғожа. Жергілікті жоғарғы оқу орнының білім алушысы экспедицияға осымен екінші мәрте қатысуда. Алтын орда кезеңіне ерекше қызығушылық танытатын ол ұсыныс түскенде ойланбастан келісіпті.

Дархан Нарғожа – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Қазба жұмыстарына өз еркіммен қатысудамын. Өте қатты ұнайды. Археологтың қолында шпатель мен кисточка болады. Біз осы екі құралмен жұмыс істейміз.

Таңнан кешке дейін жүретін жұмыс іш пыстырмайды. Қазбаға тек тарихты сүйіп оқитын жандар қатысуда. Дмитрий Сницарь – павлодарлық студент. Ғылымға деген қызығушылығы оған шаруа мен хоббиді біріктіруге мүмкіндік беруде.

Дмитрий Сницарь – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті:

– Археологтың жұмысы еңбекқорлықты талап етеді. Себебі, ашық аспан астында сағаттап еңбектенеміз. Ерекше ұқыптылық таныту қажет. Әйтпеген жағдайда, жәдігерлерге зақым келтіріп алуымыз мүмкін. Олар жылдар бойы жер астында жатқандықтан, нәзік келеді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Нысанның әрбір кірпіші тарихтан сыр шертеді. Сондықтан, оларды тазалау барысында аса ұқыпты болған жөн. Бұл мазардың төрттен бірі. Археологтар оны бар-жоғы үш апта ішінде қазған екен. Құнды жәдігерлерді іздеу шаралары енді келесі жылы жалғасатын болады.

Тарихи сенсация. Теріскей жерінде Алтын Орда ескерткішінің табылуын бір сөзбен қазақстандық археологтар осылайша сипаттауда. Себебі, бұл – солтүстікте орналасқан орта ғасырлық алғашқы нысан.

Анатолий Плешаков – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ археологиялық оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі:

– Мазардың биіктігі 12-15 метрдей болған. Кейін ол құлап, үйіндіге айналды. Нысанның ішінен екі адамның қабірін таптық. Біреуі – кірпіштердің астында қалып, біздің күнімізге дейін жетпеген. Ал, екіншісі толықтай сақталды. Алайда, қазба жұмыстары аяқталғандықтан, оны зерттеп үлгермедік. Қайтадан жауып, келесі жылға қалдырдық.

Алдын ала болжам бойынша мұнда Жошы ханның ұрпақтары жерленген. Оларды ортағасырлықтар ислам дініне сәйкес батысқа қаратып жер қойнауына тапсырған.

Ақмарал Ибраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры, тарих ғылымдарының докторы:

– 14-ғасырдың басында Алтын Орданың ханы Өзбек хан, кейін оның мұрагерлері Бердібек және Жәнібек хандар ислам дінін енгізген болатын. Сондықтан, қазіргі біздің жерлеу ғұрпымыз орта ғасырлардағы жерлеу ғұрпынан өте көп айырмашылық жоқ.

Көптің назарын аудартқан жәдігер – мына сырға. Алтыннан жасалған бұйымның бүгінгі күнге дейін сақталғаны таң қалдырмай қоймайды. Тағы мұнда күмістен құйылған әшекейлер де бар. Олар болса уақыт өте келе өңін жоғалтыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келесі жылы қазба жұмыстарына қажетті қаражат бөлініп, қолдау көрсетіледі. Қазақстанның қасиетті жерлер картасына енгізу бойынша да жұмыс жасайтын боламыз. Қазір министрлікке тиісті өтініш жібермекпіз.

Алтын Орда кезеңінен бір емес, 7 мазар қалған. Археологтардың сөзінше тарихи жәдігерлер мен ескерткіштердің жалпы саны одан да көп. Қазба жұмыстары келесі жылы жалғасатын болады. Болжамға сәйкес, 10 шаршы шақырымды құрайтын орта ғасырлық қаланың аумағы зерттелмек.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова