Спорт

Аймақ басшысы Нұрқожа Қайпановты марапаттады

Ел абыройын асқақтатқан! Аймақ басшысы әлем чемпионатында еркін күрестен 2-ші орын алған Нұрқожа Қайпановты марапаттады. Нұр-Сұлтан қаласында өткен дүбірлі додада өңір намысын абыроймен қорғаған палуанға облыс әкімінің алғыс хаты мен пәтер кілті табыс етілді.

Қыркүйектің 14-і мен 22-сі аралығында Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өткен болатын. 100 елдің палуаны бақ сынасқан дүбірлі додада өңір намысын қорғаған Нұрқожа Қайпанов қанжығасын майлап қайтты. 21 жастағы палуан жігіт бастапқыда 3 қарсыласын ойсырата жеңеді. Кейін, ақтық кезеңде ресейлік Давид Баевпен күресіп, есебімен есе жіберіп алған жерлесіміз 2-орынды қанағат тұтады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тек солтүстікқазақстандықтарды ғана емес, бүкіл елді қуанттың. Өзіңнің талабың мен жаттықтырушыңның еңбегінің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырсың. Алда басқа да талай мақсаттар бар. Сен осыдан да жақсы нәтижеге қол жеткізесің.

Кейін аймақ басшысы әлем чемпионатында күмістен алқа тағынған Нұрқожа Қайпановқа Алғыс хатымен бірге пәтердің кілтін табыс етті.

Марапаттан жерлесіміздің жаттықтырушысы да құр қалған жоқ. Аян Бейсембаевқа Алғыс хат пен 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Бапкер палуан жігітті 7-сыныбынан бері шынықтырып келеді екен

Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлде иегері:

– Жаттықтырушымызбен дайындалып жүргенімізге 10 жыл уақыт өтіпті. Осы уақыт арасында осы нәтижеге жеттік. Алда осындан да биік жетістіктерге жетеміз.

Нұрқожа Қайпанов қазір келесі жылы Токиода өтетін Олимпиадаға дайындалып жүр. Спортшы жігіт кезекті жарыста да жүлделі орын алуға барын салатынын айтты.

 

 

 

Маржан Касымбек