Қоғам

Теріскейде қарттарды қолдау айлығы бастау алды

Қазанның бірі – Халықаралық қарттар күні. 91-ші жылдан бері бұл мейрам әлемнің көптеген елдерінде аталып өтіледі. Қазақстан – солардың қатарында. Бүгін республика бойынша қарттарды қолдау айлығы бастау алды.

Саят Ермек – тілші:

– Қарттар күнінде қарияларды қолдау айлығына бастау беру – қалыптасқан дәстүр. Өңірімізде аға буын өкілдерінің саны бүгінде 103 мыңнан асып жығылады. Жасы үлкеннің бәрі сый-құрметке лайық. Сондықтан, алдағы 30 күнде ешбір қария назарсыз қалмайды.

Өйткені, үлкенді сыйлағаның – өзіңді сыйлағаның. Мерекені әрбір қарт жан сезінуі тиіс. Дәстүрге сай, бүгін кез келген зейнеткер куәлігін көрсетіп, қоғамдық көлікте тегін қатынай алады. Ал шамамен он күн бұрын мейрамға орай қайырымдылық сенбілігінің өткені де есімізде. 116 мыңдай жерлесіміз қарияларға жәрдемдесеміз деп біркүндік жалақыларын аударған болатын. Жиналған сома 100 млн теңгеден асады.

Гүлмира Мәулетбаева – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Жиылған қаражаттың тең жартысы ұйымдар мен мекемелердің шоттарында қалды. Бұл ақшаға олар өздеріне бекітілген ардагерлер мен қарияларды құттықтайды, оларға жәрдемдеседі. Қалғаны облыстық және аудандық ардагерлер кеңесіне берілді. Бұл қаржы есебінен де қарияларымыз ұлықталып, түрлі материалдық көмек алады.

Яғни, азық-түлік, отын-көмір, дәрі-дәрімек пен ақша үлестіріледі. Одан қалды, коммуналдық қызметтер үшін берешектері өтеліп, қажет болса үйлеріне жөндеу де жасалады. Ең алдымен жалғызбасты қарттарға көмек қолы созылады. Олардың саны облыста 5 мыңға жуықтайды. Қарттар үйінде өмір сүріп жатқан аға буын өкілдері де назарсыз қалмайды.

Алма Қасымғожина – Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

– Жыл сайын барып, оларға концерт қоямыз, ақшалай және материалдық сыйлықтар береміз. Теледидар ма, халат па – не керектігін өздері айтады. Тамақ, көкөністер жемістер дегени сияқты азық-түлікті де апарамыз.

Қысқасы, бір ай көлемінде бірде-бір қарияны ұмыт қалдырмаймыз дейді атқарушы билік. Көмекке мұқтаждарды анықтау үшін мамандар күллі өңір бойынша үйді-үйді аралап шыққан. Айлыққа барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмыла қатысады. Алайда, материалдық көмек былай тұрсын, қарттарымызға қамқорлық пен ілтипат керек. Сондықтан, алдағы 30 күн концерттер мен өзге де мәдени шараларға бай болмақ.

 

Саят Ермек