МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов азаматтарды қабылдады

Берекеде жол мәселесі өзекті. Ықшам ауданның тұрғындары саз балшықты жерлерге қиыршық тас төселгенін қалайды. Ал жергілікті кәсіпкер спорттық ойын-сауық орталығына дейінгі бөлікке жол салынып, су тартылса деген ниетте.

Алғаш болып өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың қабылдауына Ләззат Мұрзатаева кірді. Нәзікжанды Береке ықшам ауданында тұрады. Оны көптен бері жол мәселесі алаңдатып жүр екен.

Ләззат Мұрзатаева – қала тұрғыны:

– 2007-ден бері сол жақта тұрып жатырмыз. Пока үй салдық. Қазіргі таңда үйге подъезд, жол жоқ. Біз Ульяна Громова көшесіне қараймыз. Маңайда қамыс.

Азаматшаның өтініші жерде қалмады. Бірақ, әзірге жеңіл жөндеу жасалады. Яғни, қамыс басқан аумақ тегістеліп, аз-маз қиыршық тас төселеді. Істі толық жүргізуге қаржы жетіспейді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– 2 ай бұрын 60 млн-дай қаражат бөлінді. Қаражат жетіспейтін болса, келесі жылғы жоспарға кіргіземіз.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың сөзінше бүгінде шаһар ішіндегі жолдардың ұзындығы 400 шақырымды құрайды. Соның жартысына асфальт төселмепті. Дегенмен, көпті толғандырған мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Көп ұзамай берекеліктердің де арманы орындалады.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Міндетті түрде ол жерде жол болады. Әзірге, щебень төселеді. Асфальт әлі төселмейді. Жұмыс биыл басталады. Келесі жылы бітіреді. Жақсы ма? Солай істейік.

Қоғамдық қабылдауға Василий Шунько да келді. Кәсіпкер Небережный, 27А мекенжайында спорттық ойын-сауық орталығын ашыпты. Ол жерде үлкен де, кіші де шаңғы теуіп, жаттыға алады. Серуен құруға да мүмкіндік бар. Орналасқан жері жақсы. Бірақ, бір-екі мәселені шешіп алған жөн.

Василий Шунько – кәсіпкер:

– Орталыққа адамдар жақындай алмайды. Маңай саз-батпақ. Алдағы уақытта балалар секциясын ашқымыз келеді. Бірақ, жолдың жоқтығынан жұмысты қалай жүргізетінімізді білмей отырмыз. Тағы, су да керек. Тіршілік көзінің тартылмауынан дәмхананы да іске қоса алар емеспін.

Жол мәселесі түсінікті. Қала әкімі Болат Жұмабеков, әзірге нысанға дейінгі 300-400 метр қашықтық тегістелетіндігін айтты. Қиыршық тас төселмейді. Оны жүргізуге қаржы жетпейтіндігі мәлім. Ал келешекте кәсіпкердің мәселесі түпкілікті біржақты етіледі.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Бұл жоба аса маңызды. Әсіресе, балаларға қажет. Тау шаңғысы спорты экзотикалық саналады. Сол себепті, сіздің өтінішіңізді ескеретін боламыз. Жол және су мәселесін шешіп береміз. Болат Серікұлы, келер жылғы жоспарға енгізіңіздер!

Тағы, Василий Шунько абаттандыру жайына да тоқталды. Ол орталық маңына спорттық алаң салынып, көшет егілгенін қалайды. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов бұл бастамаға да қолдау білдірді. Тек күту қажет. Жұмыстың барлығы алдағы уақытта атқарылмақ. Қоғамдық қабылдауға Александра Старкова да өз базынасын арқалап келіпті. Ол Берекедегі Северный көшесіне асфальт төселсе дейді. Аймақ басшысы азаматшаға мәселе келер жылы біржақты етілетіндігін айтты. Жалпы, шара барысында облыс әкіміне 5 адам ұсыныс-тілегін жеткізді.

Култанов Байболат