Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірді дамытудың кешенді жоспары қалай жүзеге асырылуда?

Биылдан бастап теріскей әкімдігі облысты дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыра бастады. Оның орындалу барысы бүгін атқарушы биліктің кезекті отырысында бағамдалды. Шаруа тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Жайбарақат жүрген шенділерді өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қатаң сынға алды.

Саят Ермек – тілші:

– СҚО-да өңірді дамытудың 2021 жылға дейінгі кешенді жоспары жүзеге асып жатыр бүгінде. Бұл жоспар аясында ел, облыс қазыналары мен жеке инвестициялар есебінен 3 жылда аймаққа шамамен 325 млрд теңге бөлінеді. Қаржы медицина, білім беру, инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіп және туризм сынды 12 маңызды бағытты дамытуға жұмсалуда.

Теріскейдің өзге өңірлермен терезесі тең болуы тиіс. Ал тең болуы үшін аймағымызда қордаланып қалған проблемаларды шешу керек. Даму жоспары ең алдымен осыған бағытталған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2017 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен сараптама жүргіздік. Сонда біздің өзге өңірлерден біршама қалып келе жатқанымызды байқадық. Сондықтан, әр саланы бөлек-бөлек емес, бәрін бір уақытта, кешенді дамыту керек деп шештім. Ел басшылығына мұны дәлелдеп, қомақты қаржыға ие болдық. Енді оны игеруіміз керек.

Басты сұрақ – кешенді жоспар бізге не береді? 325 млрд қайда жұмсалмақ? Біріншіден, жолдар жөнделеді. Мұндағы меже – облыс трассаларының 73 пайызының жағдайын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу. Екіншіден, 94 ауылға ауыз су тартылады. Осылайша, 2022 жылға дейін елді мекендеріміздің 68 пайызы немесе 53 мың адам сапалы тіршілік нәрімен қамтылуы тиіс. Сондай-ақ, 6 млрд теңге бөлініп, аурухана-емханаларымыз қажетті медициналық қондырғылармен жарақталады. Қаржы есебінен облыс мектептеріне компьютерлер орнату да көзделген. Бұл даму жоспары аясында жасалуы тиіс жұмыстың тек бір бөлігі ғана. Шаруаны атқаруға атқарушы билік жыл басынан білек сыбана кірісіп кетті. Нәтиже қандай?

Осылайша, аймақ басшысы жауапты басқарма басшыларын орындарынан тұрғызып қойып, қысқаша есептерін тыңдады. Проблемалар жоқ емес. Мәселен, жыл соңына дейін 563 млн теңге бөлініп, 63 мектепке 4 мың компьютер орнатылуы тиіс. Бірақ, Білім және ғылым министрлігі әлі күнге дейін қаржы бөлмей отыр. Бұл – бір мәселе. Тағы бір проблема – Тайынша ауданындағы “Тайынша май” мен “Bio Operations” зауыттары сапалы электр энергиясына әлі күнге дейін зәру. Қаражат бөлінбеді емес, бөлінді. Бірақ, жарық тартатын компания табылмай отыр. Жыл соңына дейін шаруа атқарылмаса, ақшаны бюджетке қайтару керек болады. Осы орайда, қол қусырып отырған аудан атқамінері Иван Турковтың жайбарақаттығын аймақ басшысы аямай сынады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барып тұрған бассыздық бұл! Ақша уақытылы бөлінсе, конкурсты неге ертерек жарияламадыңыздар? Жаз бойы не бітірдіңіз? Қаншама еңбекпен алынған қаржыдан қағылып, кәсіпорындарды сапалы жарықпен қамти алмайын деп отырмыз. Жағдайды бақылауға алып, алдыма нақты ұсыныс тастаңыздар.

Құмар Ақсақаловтың жергілікті университет ректоры Серік Өмірбаев мырзаның жұмысына да көңілі толмады. Басшы жаңа заманауи оқу корпусын тұрғызуға асығар емес. Пысықтық танытып, сметалық құжат әзірлеп, сараптамадан өтіп, 2020 жылы құрылысты бастап кетуге болар еді. Бірақ, амал нешік, уақыт өтіп кетті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Енді орталыққа барып, оларды сметалық құжатсыз, сараптамасыз корпусты 2020-ның бюджетіне енгізуге көндіру керек болады. Бәрін баяғыда жасап қоюға болар еді, өкінішке қарай созып жүріп алдыңыздар. Ал корпус университетке керек, солай емес пе?

Студенттерді жатақханамен қамту мәселесінің бізде өзекті тұрғаны жасырын емес. 1200 орындық студенттер үйінің сметалық құжатын оқу орны өз қаражатына жасатқан. Алайда, нысанды тұрғызатын инвестор табылмай жатыр. Құмар Ақсақалов жобаны әкімдікке беріңіздер, жатақхананы салып береміз деді. Осындай кемшіліктерге қарамастан, кешенді жоспардың жүзеге асу барысына өңір жетекшісінің көңілі толады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жоспар аясында облысқа биыл 92 млрд теңге бағытталды. 8 айдың ішінде 85 млрд-ты игеріп үлгеріппіз. Яғни, проблемалар шешіліп жатыр. Оң нәтижені өзіміз де көріп отырмыз. Осы қарқыннан таймау қажет.

Әскерге шақырудың күзгі науқаны – аппараттық отырыста қаралған екінші сұрақ. Қыркүйек пен желтоқсан аралығында қарулы күштерге өңірден 473 бозбала алынуы керек. Салалық департамент бастығы Талғат Әлімқұлов шаруаны жоспарға сай атқарып жатырмыз деп есеп берді. Десе де, аймақ басшысы көктемдегі жағдайдың қайталанбау керектігін ескертті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көктемдегі жоспарымыз дұрыс орындалған жоқ. 600 бала шақырылуы керек еді, өкінішке орай 547-сі ғана тартылды. Айыртау ауданы мен Петропавл қаласы көш соңында.

Отан қорғаушыларды әскерге шақыру жоспарын орындамаған басшылар лауазымынан айырылады.

Талғат Әліқұлов, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Петропавл қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы өзінің лауазымынан босатылып, төменгі лауазымға ауысып, Ақтөбеге кетті. Өткен аптада өзін оң жағынан көрсеткен азамат – майор Есинеев деген мырза Қорғаныс министрінің бұйрығымен осы лауазымға тағайындалды.

Сондай-ақ, көктемде әскери-медициналық комиссиялардағы дәрігерлердің жетіспеушілігі де бірқатар проблемалар тудырған еді. Алайда, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев бүгінде мамандар бар дейді. Мәселе туындамауы тиіс.

 

 

 

 

 

Саят Ермек