Қоғам

Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті

20 жылдық тәжірибесі бар маманға қатаң сөгіс жариялау жөнінде ұсыныс жасалды! Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Есдәулетовке қатысты тәртіптік іс қаралды.

Кезекті тәртіптік іс Маған Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Есдәулетовке қатысты болды. Мемлекеттік қызметші тамыз айының соңында әріптесімен бірге Булаев қаласындағы дәмханалардың біріне барған. Сонда бір кәсіпкермен сөзге келіп қалады. Оны іскер жан маған қысым көрсетілді деп тәртіп сақшыларына хабарлайды.

Жанат Жұмабаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Мәселені жан-жақты қарау үшін дәмхана иелерінен жауап алынды. Сонда олар кикілжіңді кәсіпкердің өзі бастағанын айтты. Тіпті, іскер жан аудан әкімінің екінші орынбасары Смағұловтың бетінен ұрып, көзілдірігін сындырыпты. Ал, нысан иесінің жейдесін жыртқан. Оның үстіне жиналғандардың барлығын видеоға түсіріп, ғимаратты өрттейтіндігін айтқан. Мұны Есдәулетов те айтып отыр.

Тағы бір ескерер жайт бар. Дәмханада алкогольдік өнімдер сатылмайды екен. Яғни, мемлекеттік қызметшілерден сырт көзге ішімдік белгілері байқалмапты. Ал, кәсіпкер масаң күйде болған. Мұны полицейлер де, нысан иелері де айтып отыр. Сонда Жақсылық Есдәулетовтің кінәсі қандай?

Жанат Жұмабаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Аудан әкімі орынбасарларының ішімдік ішкен, ішпегендігін анықтау жөніндегі медициналық сараптама жүргізілмеген. Мұны полицейлерден сұрадық. Сонда мамандар дәл сол күні аудандық ауруханада адам өлімі орын алды, біз қайғылы жайттың мән-жайын анықтауға аттандық деді. Бірақ, соның өзінде мемлекеттік қызметшілер бастама танытып, сараптамадан өту керек еді. Олай жасалмаған. Осылайша әдеп кодексіне нұқсат келтіріп отыр.

Аудан әкімінің орынбасары екеу, неге тек Жақсылық Есдәулетовқа қатысты тәртіптік іс қаралып жатыр? Сөйтсек, екінші мемлекеттік
қызметші Рахат Смағұлов жұмыстан өз еркімен шығып кетіпті.

Жақсылық Есдәулетов – М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:

– Мен медициналық сараптама жасату керектігін білген жоқпын. Білсем міндетті түрде жасатар едім. Оның үстіне мен өзімнің жеке көлігіммен жүрдім.

Кеңес мүшелері әдеп кодексіндегі ережелерді бұзғаны үшін Жақсылық Есдәулетовке қатаң сөгіс жариялау жөнінде ұсыныс тастау бойынша шешімге келді.

 

 

Култанов Байболат