Мәдениет

Сергей Дудинскийдің жеке шоу-концерт өтті

Жанды дауыс пен музыкалық сүйемелдеу. Сенбі күні шаһарда Сергей Дудинскийдің “Артист” атты жеке шоу-концерті өтті.

Бұл – Сергей Дудинскийдің Петропавлдағы осымен 3-ші концерті. Кешті тамашалауға келген жандардың қарасы қалың.

Шығармашыл жан көрермендердің назарына “Артист” бағдарламасын ұсынуда. Кейін, осы шоу-концертін Нұр-Сұлтан қаласында өткізбек ниетте.

Сергей Дудинский – әнші, композитор, РФ:

– Бұл тур өткен жылдың қысында басталған болатын. Мен осы бағдарламамен Ресейдің бірқатар қаласын аралап шықтым. Кезек Петропавлға келді. Маған бұл жердің халқы ұнайды, өте қарапайым. Концертімде көрермендер менімен қосылып ән айтып, тіпті билеп жатады.

Шоу-концерт «Астана Опера» мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтіп жатыр. Ұжымның бас дирижері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитденов. Оның айтуынша оркестрге биыл 55 жыл толыпты. Сергей Дудинскиймен жұмыс істеп жүргендеріне де біраз уақыт болған.

Абзал Мухитдинов, «Астана Опера» мемлекеттік академиялық опера және балет театры симфониялық оркестрінің дирижері, ҚР еңбегі сіңген қайраткері:

 – Бүгін – үшінші концертіміз. Сергей Дудинский мықты тенор деп санаймын. Онымен біздің біраз жоспарымыз бар. Тек Қазақстанда емес, Ресей мен Украинада бірге концерт өтізбекшіміз.

Сахнада Уитни Хьюстон, Мадонна, Абба тобының әндері мен 80-90 жылдары танымал болған өзге де туындылар орындалды. Құлақ құрышын қандыратын композицияларды тыңдай отыра Франция, Италия елдеріне сапар шегіп қайтқандай күйде болдық дейді көрермен. Көптің көңілінен шыққан шоу-концерт 2 сағатқа созылды.

– Эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Дауысы құлаққа жағымды. Тек тыңдай бергің келеді.

– Бірінші рет келіп отырмын. Сергей Дудинскийдің өнер кеші тамаша өтті.

– Мен Сергей Дудинскийдің кешіне осымен 2-ші рет келіп отырмын. Жанды дауыспен осылай ән айту екінің бірінің қолынан келмейді.

 

 

Актолкын Солтанханкызы