Спорт

“Qulager” ХК “Aqtobe” құрамасын қабылдады

Шайбалы хоккейден ел біріншілігі жалғасуда. Демалыс күндері “Qulager” өз айдынында “Aqtobe” хоккейшілерін қабылдады. Қарсыластар арасындағы қос матч тартысқа толы болды деп айтуға келмейді. Өйткені, айдын иелері қонақтарға еш мүмкіншілік бермеді.

Саят Ермек – тілші:

– Маусым басталғалы “Qulager” 8 кездесу өткізіп үлгерді. 3-уінде жеңіліс тапты. Ал жеңісті 5 кездесудің басым бөлігінде қарсыласынан овертайм не буллит арқылы басым түсті. Яғни, хоккейшілеріміздің ойыны әзірге тұрақсыз. Сондықтан, олар турнирлік кестенің тек бел ортасында тұр. Тақым қысатын уақыт жетті. Сондықтан, бұл жолғы қарсылас, біріншілік дебютанты – “Aqtobe”-ні тізе бүктіру жағдайды сәл болса да түзетуге мүмкіндік бермек.

Бұл мүмкіндікті хоккейшілеріміз мүлтіксіз пайдаланды. Алғашқы матчта “Qulager” қарсыласын 4:1-мен ойсыратты. Дебютант -“Aqtobe”-нің тәжірибесіздігі сәл байқалады. Ел біріншілігіндегі аяусыз ойынға олардың еттері әлі үйренбеген сыңайлы. Ойыншылар айдын сүзіп, тұра алмаған жағдайлар аз болмады. “Aqtobe” қақпасы 5-ші минутта Илья Ахметовтің соққысынан сыр берді.

Араға 2 жарым минут салып “Aqtobe” есепті теңестіреді, бірақ ұзаққа емес. Ахметов ойынның 11-ші минутында дубль рәсімдейді. Тағы 2 шайбаны айдын иелері екінші периодта салады. Алдымен Алексей Грищенконың алыстан бағыттаған соққысы Полуэктовтың қорғанысын қақ жарды.

Кейін, кезеңнің соңғы минутында Федор Хорошев таблодағы есепті 4:1-ге жеткізеді. Ал үшінші периодта “Aqtobe” айдын иелерін қуып жетуге әбден тырысып бақты. “Qulager”-дің қорғанысы шамалы әлсіреп, 20 минут бойы қақпашымыз Янков шайбаны тоқтатумен болды. Десе де, дес бермеді. Бірінші матчтағы сенімді жеңіс – біздікі.

Жексенбілік қарымта ойында айдын иелері қонақ құраманы тағы да тізе бүктірді. Бұл жолғы есеп – 3:1. Ойында “Qulager” сапынан Попитич, Кудин мен Гатин ерекшеленді. Ал “Aqtobe”-нің жалғыз голын шабуылшы Черкасов соқты. Байқағанымыз, “Qulager” қазір бабында. Алғашында тұрақсыздық танытқан команда енді-енді ес жия бастаған сыңайлы. Бұл тек маусымның басы ғана. Құрама азуын әлі көрсетеді дейді хоккейшілер.

Федор Хорошев – “Qulager” ХК шабуылшысы:

– Биылғы маусымда командалардың деңгейі біркелкі. Сондықтан, кестедегі орынға қарап, ой түюге әлі ерте. Қорғанысымыз әлсіздеу, көп жағдайда қақпашы құтқарып қалды. Осы сәтті ескеретін боламыз. Жаңа келген ойыншылар да осал емес. Жемісті кездесулеріміз әлі алда.

Екі кездесудегі сенімді жеңістің нәтижесінде қоржынға 6 ұпай түсті. Осылайша, кестедегі жағдайымыз түзелді.
Келесі қос матчты жігіттеріміз қонақта, біріншіліктің аралық көшбасшысы – Көкшетаудың азулы “Arlan”-ына қарсы өткізбек.

 

 

Саят Ермек