Мәдениет

“Ботай – ұлы дала мәдениеті” атты көрме қанат жайды

“Ботай – ұлы дала мәдениеті”. Петропавлда дәл осындай атаумен бастау алған халықаралық симпозиум аяғына жетті. Оған түрлі елдерден келген 20 адам қатысып, тарихи мекеннен алған әсерін қағаз бетіне түсірген болатын. Жұма күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде қылқалам шеберлері туындыларының көрмесі ашылды.

Әуелеген әуезді ән мен кеш қонақтарына арналған мерекелік дастархан. Тіпті, Батыс Еуропаның классикалық музыкасы да шараға ерекше сән беріп тұрғандай. Ал теріскейлік қауым болса сәнді киімін киіп мәдени шараның ашылу салтанатын тағатсыздана күтуде. Міне, көп ұзамай салтанатты кеш басталып та кетті.

Теріскейліктер салтанатты кештің басты кейіпкерлерін дәл осындай көтеріңкі көңіл күй және қошеметпен қарсы алды. Кейін қылқалам шеберлерін аймақ басшысының атынан орынбасары Руслан Әлішев құтықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ботай – ұлы дала мәдениеті” атты Халықаралық суретшілер симпозиумы аяғына жетті. Қатысушыларды шын жүректен құтықтаймын.

Кейін облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев 20 үміткерге алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.
Тосын сый осымен аяқталған жоқ. Өңіріміздің өнерпаз жандары Халықаралық суретшілер симпозиумының қатысушылары мен жиналғандарға арнап концерт ұймдастырды. Онда әншілер әннен шашу шашса, бишілер мың бұралып би биледі.

Қазақстаннан өзге, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей. Жалпы, “Ботай – ұлы дала мәдениеті” атты Халықаралық суретшілер симпозиумына түрлі елдерден жиылған 20 суретші қатысқан болатын. Олар ең алдымен Ботай тұрағына барып, ол жердің тарихымен жігіт танысты. Кейін, елді-мекеннен алған әсерлерін қағаз бетіне түсірді. Міне, дәл сол туындылар қабырғаға ілулі тұр. Мұндағы шығармалардың әрқайсысынан өңіріміздің өткенін айқын көре аласың. Қылқалам шеберлері шығармаларын небәрі 10 күн ішінде тәмамдаған.

Өмірбек Жұбаниязов – ҚР Суретшілер одағының төрағасы:

– Қазақта қойтас, қошқартас, ертас деген болды. Сол секілді менің еңбегім аттас деп аталады. Екіншісі – жаңғырық.

Көпшіліктің көзайымына айналған мына бір туындыны көршілес Қырғызстаннан келген Бообек Арыков салған. Суретшінің бұл шығарманы бейнелеуіне теріскейдің табиғаты шабыт беріпті. Қылқалам шебері аз уақыт ішінде елімізге бауыр басып кеткен екен.

Бообек Арыков – суретші, Қырғызстан Республикасы:

– Қазақ еліне үлкен рақмет. Вокзалдан түскен сәттен бізді жақсы қарсы алды.

Қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалауға келгендердің қатары қалың болғаны соншалық аяқ алып жүру қиын. Барлығы көрмеге қойылған туындыларды тамашалап өздерінің жоғары бағаларын беруде.

Уәлихан Құлтаев – “Ботай” музейінің директоры, Айыртау ауданы:

– Біз Айыртау ауданына арнайы ат терлетіп келдік. Көп суреттер біздің пейзажды бейнелейтіндіктен барлық сурет көңілімнен шықты.

Виктор Зайберт, археолог, тарих ғылымдарының докторы:

– Маған мұндағы туындылардың барлығы ұнады. Өзім 20 жылдан астам уақыт “Ботай” тұрағының тарихын зерттеп келемін. Бұл суреттер осында өткен жылдарды еске салады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған көрмеде 80-ге жуық туынды қойылған. Шығармалардың барлығы -симпозиумға қатысушылардың еңбегі.

Гүлнара Мұқышева – СҚО музейлер бірлестігінің жетекшісі:

– Біз осы көрме арқылы жастарды “Ботай” тұрағымен таныстырғымыз келеді. Өйткені, алғашқы қолға үйретілген жылқылардың бізден шыққанын бірі білсе, екіншісі хабарсыз. Бұл – біздің тарихымыз. Сондықтан, оны ұмыт қалдырмай баршаға көрсетіп, таныту – парызымыз.

Айта кетейік, теріскейліктер симпозиум қатысушылары туындыларының көрмесін облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазанның 14-іне дейін тамашалай алады.

Маржан Касымбек