Құқық қорғау органдары

Заречный кентінде екі адамның мүрдесі табылды

Заречный кентінде екі адамның мүрдесі табылды. Қыркүйектің басында қала тұрғыны саяжайлар учаскелерінің арасымен жүріп келе жатып, адамның қаңқасын байқап қалған. Ол дереу полицияға хабарлайды. Ал келесі күні криминалистер тағы бір мәйітті табады.

Сараптама көрсеткендей, қаза тапқандардың бірі – тұрғылықты мекенжайы жоқ 36 жастағы ер азамат. Екіншісі оның танысы – әйел адамның мүрдесі болып шыққан. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қылмыс шілде айында жасалған. Оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтап жатыр. Қатігездікпен жасалған қылмысқа қатысы болуы мүмкін күдікті көрші облыста құрықталды.

Нұрбек Баекин – СҚО ПД баспасөз қызметінің маманы:

– Қайтыс болған әйел оқиғаның куәсі болған. Екі адамды өлтіруге қатысы бар деген күдікпен көрші облыста жасырынған 1984 жылы туған облыс орталығының тұрғыны ұсталды. Аталған фактілер ҚР ҚК 99-бабы – “Адам өлтіру” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің біріңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті уақытша ұстау изолятроына қамалды.