Қоғам

Туристік әлеуетті арттыру аясында

Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында өңірге Ресейден 6 мыңнан астам турист келген. Демалушылардың саны алдағы уақытта одан әрі артуы мүмкін. Өйткені, өлкеге көрші елден бір топ турагенттік басшылары келді. Олар теріскейдің сұлу табиғатын тамашалап, Петропавлдағы көне ботаникалық бақта болды.

 Биыл ботаникалық баққа 107 жыл толыпты. Бүгінгі күні мұнда әр құрлықтан әкелінген пальмалар мен гүлдердің түр-түрі бар. Олардың әрқайсысы өзіндік тарих және қасиеттерімен ерекшеленеді. Мәселен, мынау – құрма пальмасы. Ол – осы бақтағы өсімдіктердің ішінде ең көнесі. 240 жыл толған ағаш өңірге 1795 жылы жеткізілген екен. Бұның бәрін түмендік меймандар таңданыспен тамашалап жүр.

Вероника Артемьева – туристік агенттік директоры, Түмен қаласы, РФ:

– Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Маған бұл жердегі мәдениеттің сақталуы ұнады. Адамдары да өте қонақжай. Осы аймаққа біздің агенттіктен туристер талай рет жолданды, енді өзім келіп отырмын.

Туристік агенттік басшылары бақтағы гүлдер мен ағаштардың әсемділігіне тамсануда. Қонақтардың осындағы мамандарға айтар ұсыныстары бар. Мәселен, Викория Матрес саябақта көбелектер мен құстардың үні жетіспейді деген ойда. Дегенмен, нәзікжандыға, әсіресе өңіріміздің табиғаты қатты ұнаған.

Виктория Мартес – туристік агенттік директоры, Түмен қаласы, РФ:

– Туристердің басым бөлігі Бурабайға ағылып жатады. Мен оларға енді Шалқар мен Имантау сынды жерлерге баруды ұсынар едім. Себебі, маған бұл аймақтың табиғаты өте қатты ұнады. Демалушыларды орналастыруда және жолға қатысты кейбір мәселелер туындайтын көрінеді. Дегенмен, бұл – шешімі бар дүние. Келесі жылы осында отбасыммен қайта келуді жоспарлап отырмын.

Өңірге Ресейден келетін демалушылар саны жыл сайын артып келе жатыр. Мәселен, алғашқы жартыжылдықтың өзінде Солтүстік Қазақстанға көрші елден 6 мыңнан астам турист келіпті.

Актолкын Солтанханкызы