Балалар

“Өнертабысқа алғашқы қадам” байқауы өтті

Талантты жастардың конкурсы! Петропавлда облыстық “Өнертабысқа алғашқы қадам” атты байқау өтті. Сайысқа 20-ға тарта солтүстікқазақстандық жас қатысты. Олар шара барысында жиналғандарға өздерінің тың жобаларын таныстырып, таң қалдырды.

Ортада – құлтемір. Ол өздігінше билеп жатыр. Мұндайды күнде көре бермейсің. Сондықтан болар, сырт көзге өте қызық.

Ал мынау – Александр Ковалёвтың жобасы. Ол ақылды дрон жасапты. Оған 3 ай уақыт жұмсаған екен.

Қалай әзірледі дейсіз ғой? 11-ші сынып оқушысы ақылды дронды 3D принтерде басып шығарыпты. Мұндай дүниені ауыл шаруашылығы саласында қолдануға болады. Заманауи аппарат көкке көтеріліп, алқаптардың көлемін, өсімдіктің өсу қарқынын көрсетеді. Зиянкестер мен арамшөптерді де анықтайды.

Александр Ковалёв – №9 орта мектебінің оқушысы:

– Қазір жасанды интеллект барлық жерде бар. Бірақ, оны адамдар қолданғысы келмейді. Себебі, тың дүниелерден қаймығады. Бұл жерде батылдық керек. Жаңашылдықтардың адамға берері мол. Олар істі жеңілдетеді. Осы жұмысым арқылы тұрғындарға инновацияның пайдасын түсіндіргім келеді.

Конкурста түрлі қызықты жобалар баршылық. Олардың әрқайсысы адамзат үшін аса пайдалы. Мәселен, бірі қоқысты қайта өңдеуге арналған қондырғы болса, екіншісі – жел конструкциясы. Айта кетейік, жас өнертапқыштардың байқауы қаламызда алғаш рет өтіп отыр.

Нүрзия Майлина – Оқушылар сарайы директорының орынбасары:

-Конкурстың басты мақсаты – балаларды өнерге баулу. Осындай бастамалар арқылы өзге де талантты жастар қызықты жобаларды жүзеге асырады деген сенімдеміз.

Байқауда топ жарған 8 жас әр номинация бойынша республикалық кезеңге жолдама алады. Яғни, сонша ұл-қыз өңіріміздің намысын қорғайтын болады.

Култанов Байболат