Өнеркәсіп

Өңірлік машина жасау саласы қызметкерлерінің еңбегі

Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісінде машина жасаушылар күні аталып өтіледі. Экономикамыз үшін аса маңызды саналатын сала қызметкерлерінің жұмысы қиын. Төзімділік пен еңбекқорлықты талап ететін кәсіп. Өңірде бұл салада талай жылдан бері тер төгіп, ел дамуына өз үлесін қосып жүрген отбасылар бар. Төл мерекелері қарсаңында арна тілшілері іргелі өндіріс ошақтарының біріне бас сұқты.

“Көпбейінді жабдықтар зауыты” – Петропавлдағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Негізгі бағыты – пайдалы қазбаларды өндіруге арналған бұрғылау жабдықтарын шығару. Бұдан бөлек, мұнай-газ, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына қажет қондырғылар да жасалады.

Зауыт жұмысын 99-шы жылы бастаса, содан бері мұнда дәнекерлеуші Евгений Самусенко жұмыс істейді. Сөзінше, екі бөлшекті біріктіру – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде күрделі шаруа. Алайда, 20 жыл ішінде қол әбден үйренген. Мұндай еңбеккерлер зауытта аса қадірленеді.

Евгений Самусенко, “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС газ-электр дәнекерлеушісі:

– Менен басқа ешкім дәнекерлемейтін дүниелер бар. Гидробасқару қондырғылары мен шиыршықты қармау сияқты жабдықтарды тек маған сеніп тапсырады. Жұмыс жететін. Шама-шарқымша атқарып жатырмын.

Ал 2013 жылы Евгений Самусенко зауытқа ұлы Андрей Самусенконы алып келеді. Әкенің ақылын тыңдап, осында жұмысқа келгеніне ол өкінбейді. Осымен 6-шы жыл Андрей металл кесуші болып еңбек етеді.


Андрей Самусенко, “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС кесушісі:

– Жұмыс таба алмай ұзақ жүрдім. Сосын осында келдім. Әкеме рахмет! Айына 20 тоннадай металл келеді. Оларды өлшеп, механикалық арамен кесу – менің жұмысым.

Өндіріс ошағында тер төгетін бұл жалғыз отбасы емес. Әкелі-балалы Ермолаевтардың оқиғасы басқаша. Әкесі ұлын емес, керісінше ұлы әкесін жұмысқа ертіп келген. Андрей – инженер-құрастырушы, ал Юрий Ермолаев – қатардағы токарь.

Андрей Ермолаев, “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС инженер-құрастырушысы:

– Жақын адамың жаныңда. Бұдан артық не керек? Жұмыс өте жауапты. Сызбалардан қате жіберсең, дайын өнім жарамсыз болып қалады.

Юрий Ермолаев, “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС токарі:

– Ұлыммен еңбек еткен ыңғайлы. Сызбалардан шатасып жатсаң, мән-жайды түсіндіріп береді. Металмен жұмыс істеген қызық қой. Алдыңа тат басқан, жаман сынықты әкеледі. Ал сен одан әдемі, жып-жылтыр бөлшек жасап шығарасың.

Өндіріс ошағындағы әсте оңай емес жұмысты 160 адам атқарады. Айына олар орташа есеппен 110 мың теңге алады. Байқағанымыз, еңбеккерлердің басым бөлігі – орта жастағылар.

Саят Ермек – тілші:

– Зауытта жас мамандардың тапшылығы байқалады. Өскелең ұрпақ токарь, дәнекерлеуші, кесуші сынды мамандықтарды таңдай бермейді. таңдаса да, өндіріске келіге құлықсыз. Өйткені, жұмыс ауыр. Мәселен, осында практикадан өткен студенттердің тек 30 пайызы диплом алған соң жұмысқа қайта келеді екен.

Өндіріске жастарды тартуға тырысып-ақ жатырмыз дейді директор. Керек болса, кәсіпорын оларды өз базасында оқытып, тиісті машықтарға үйретеді. Қаржы мен күш бұған көптеп жұмсалуда. Жұмыс қолдары керек, өйткені тапсырыс берушілер баршылық. Өнімдерін зауыт отандық іргелі компанияларға да, шетелге де саудалайды.

Елена Балярихина, “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС директоры:

-Негізгі тұтынушыларымыз – “Қазтомпром”, “ҚазМұнайГаз” және “Қазмырыш” сынды іргелі компаниялар. Ал 2011 жылдан бастап жабдықтарды Ресей мен Өзбекстанға жөнелтеміз. Бір жылда шығаратын өнімдеріміздің 25-30 процентін экспортқа шығарамыз. Бүгінде Беларусь нарығына ену мәселесі қарастырылып жатыр.

Жасалатын қондырғылардың тізімі де кеңейіп отырады. Мәселен, биыл зауыт 5 жаңа өнім түрін игеріп, отандық нарыққа шығарған. Бірақ, өзекті проблема – жұмыс істеп тұрған 250 білдектің басым бөлігі ескі. Оларды жөндеп, жаңарту үшін зауыт миллиондап қаржы жұмсайды. Биыл кәсіпорын жалпы сомасы 680 млн теңгенің тапсырысын алған. Келер жылы бұл сома айтарлықтай өсуі тиіс.

 

 

Саят Ермек