Мәдениет

“Алып тұлғалар” атты көрме ашылды

Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және Иван Шухов. Бүгін “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде “Алып тұлғалар” атты көрме ашылды. Онда Жамбыл ауданында дүниеге келген әдебиет майталмандарының жеке заттары және шығармалары паш етілді.

Бұл – әдебиет тарихында өшпес із қалдырған майталмандарды еріксіз еске салатын дүниелер. Мұнда жерлесіміз Сәбит Мұқановтың Алматы қаласында университетте жұмыс істеп жүрген жылдары түскен фотосуретін көруге болады. Сондай-ақ, сол жылдары өз қолымен жазған хаты және құжаттары да сақталған. Ал, мына жерде Ғабит Мүсіреповтің кітаптары және жазу машинасы тұр. Одан басқа қос ұлы тұлғаның бұрын киген киімдері, тіпті аяқ киімі де бар. Бөлменің оң жағында – Иван Шуховтың сағаты, жеке құжаттары мен қаламынан туған туындылары. Жәдігерлердің барлығын қоғам қайраткерлерінің туған-туыстары, жақын адамдары әкелген екен.

Әсемгүл Қыдыбекова – “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені директорының орынбасары:

– Абылай хан резиденциясында Жамбыл ауданының көрмесі өткізіліп жатып. Біздің өлкеміздегі ұлы тұлғаларды көрсеткіміз келеді.

Күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер. “Алып тұлғалар” атты көрменің ашылу салтанатына жиылған қауымның қатары қалың. Амандық Жантеміров – Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және Иван Шуховтай 3 бірдей ұлы тұлғаның жерлесі. Еліміздің құрметті журналисі бала кезінен-ақ олармен таныс болған. Әрі шығармашыл жандармен жиі кездесіп, ақыл-кеңесін алған екен.

Амандық Жантеміров – Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері:

– Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және Иван Шуховтармен жиі араласатынмын. Өйткені, мен ол кісілердің жерлесімін. Сәбит Мұқанов ерте жетім қалған кезінде ата оған өз көмегін көрсетті.

Айта кетейік, теріскейлік қауым «Алып тұлғалар» атты көрмені 2 апта бойы тамашалай алады. Кейін, жерлестерімізге Айыртау ауданынан жеткізілген құнды жәдігерлер паш етілетін болады.

Маржан Касымбек