Қоғам

“Үздік шебер-2019” байқауы

Хас шеберлердің сайысы! Бүгін қалалық мәдениет үйінде “Үздік шебер-2019” байқауы өтті. Оған түрлі саланың тұтқасын ұстаған 25 маман қатысып, өзара бақ сынасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұндай сайыс өңірімізде алғаш рет өткізіліп отыр.

Құрылысшы, сылақшы, шиномонтаждаушы, шаштараздар мен флористер. Осы мамандықта оқып және еңбек етіп жүргендер бүгінгі байқауда бақтарын сынамақ. Дәл қазір олар жиналған қауымға таныстырылып, тапсырмаларын алуда.

Тапсырмаларды алғаннан кейін байқауға қатысушылар жұмысқа бірден кірісіп кетті. Мәселен, құрылысшылар кірпіштен “Орнамент” модулін салуда. Бұл сынға қаладағы мықты деген 4 серіктестік қатысуда. Ең бастысы, берілген тапсырманы мамандар сапалы орындап шығулары тиіс. Барлығына да бір сағат уақыт берілген.
Ал мына жерде сылақшылар өздеріне жүктелген міндетті орындауда. Олар да бір сағаттың ішінде гипсокартоннан кішкентай бөлме жасап үлгерулері тиіс.

Көлігіміз бұзылып қалса болды бірінші кезекте шиномонтажға жүгінеміз. Осы саладағы мамандар да бүгін байқауға қатысып, өз шеберліктерін көрсетуде. Оларға қойылған талап мынадай: 10 минуттың ішінде темір тұлпардың алдыңғы және артқы дөңгелектерінің орындарын ауыстыру. Әзірге, барлығы ойдағыдай жүріп жатыр.

Ал қалалық мәдениет үйінің ішіне кірсең құдды бір ертегілер әлемінде жүрген секілдісің. Себебі, мұның іші түрлі түсті гүлдерге толы. Бұл жерде флористер күзгі гүл шоқтарын жинауда. Солардың бірі – Зинаида Кузнецова. Нәзікжанды өз жұмысын тыңғылықты орындауда.

Зинаида Кузнецова – флорист:

– Күзгі тақырып болғандықтан, раушангүл, қалампыр, бақытгүлін және егіннің масақтарын қолдандым. Гүл шоғын спиральды техника бойынша жинап шықтым. Жалпы, өзім флорист маман ретінде жұмыс істеп жүргеніме үш жыл ғана. Осы байқауға бағымды сынап көрейін деп келдім.

Ал одан ары қарай жүрсеңіз шаштараздардың сайысын көруге болады. Бұл жерде жұмыс қызу жүруде. Әрқайсысы бір-бірінен ерекшеленуге тырысып жатыр. Жас маман Ирина Яминскаяның жұмысы көздің жауын алып, барлығының көңілінен шығуда.

Ирина Яминская – шаштараз:

– Түрлі шаш үлгілерін жасауды бала кезімнен жақсы көремін. Сондықтан да шаштараз мамандығын таңдадым. Әрдайым түрлі курстардан өтіп, өзімді жетілдіріп отырамын. Бүгінгі байқауға қытысып жатқаным да сол. Кәсіби мамандардың пікірін тыңдап, ойларын білгім келеді.

Жалпы, “Үздік шебер-2019” байқауы өңірімізде алғаш рет өтуде. Енді бұл сайыс жылда дәстүрге айналмақ дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, байқаудың соңында жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табысталады.

Дана Ешкенова