ТКШ

“Қызылжар су” кәсіпорнының жұмысы

Жыл соңына дейін “Қызылжар су” серіктестігі қаламыздағы апаттық деп танылған 4 бірдей су өткізгішті жөндемек. Іске мемлекет қазынасынан 1 млрд 200 млн теңге көлемінде ақша бөлініпті. Бүгінгі күні қаржының бір бөлігі игеріліп жатыр екен.

Бұл – “Қызылжар су” серіктестігі маңындағы ағын өлшегіш. Оның орнатылғанына 2-ақ күн болған. Құрылғының көмегімен мамандар тұрғындарға таратылған тіршілік көзінің көлемін толығымен есептей алады. Ал мынау – сорғы жабдықтары. 6 қондырғының 4-уі былтырдан бастап жаңартылған екен. Қалған 2-уі жуық арада жаңаланбақ. Бір-біреуінің құны 76 млн теңгені құрайды.

Геннадий Кириллов – “Қызылжар су” ЖШС сутазартқыш құрылымдарының бастығы: 

–  Бұл құрылғының арқасында қаладағы қысым бірқалыпты. Ал, ескі сорғылар жұмыс істеген кезде түрлі ауытқушылық орын алатын. Яғни, қысым әр аумақта әр түрлі болып, біраз қиындық туғызатын. Енді мұндай олқылықтар жоқ. Қиындықсыз еңбек етіп жатырмыз.

Ал бұл – мекеме ішіндегі шаһардың электронды картасы. Ол үстіміздегі жылы іске қосылыпты. Құны 74 млн теңгені құрайды. Мұнда қаладағы кәріздік жүйелер мен сорғы станцияларының барлығы көрсетілген. Жаңашылдықтың көмегімен мамандар қаладағы ахуалды ұдайы бақылап отырады. Апат болса, оны да осы құрал арқылы анықтауға мүмкіншілік бар.

Евгений Мокренский – “Қызылжар су” ЖШС бас энергетигі:

– Бұл жүйемен мамандар сорғы станциялары және кәріздік жүйелердегі су деңгейі мен қысымын біліп отырады. Егер де бір нүктеде қысым арнайы белгіден асып кетсе, апат орын алды деген сөз. Мұны мамандар көрісімен сол жерге жетеді. Яғни, істен шыққан құрылғыны, құбырды, тағы да басқа дүниелерді қалыпқа келтіреді.

Сонымен қатар, биыл “Қызылжар су” серіктестігі техникалық паркті де біраз жаңартыпты. Мысалы, жыл басында 2 зертханалық көлік алыныпты. Ал, жазда экскаватор мен бірнеше жүк машиналары қатарға қосылған. Қазіргі күні бұл темір тұлпарлар мамандардың қолданысында. Тағы, мекеме су жаңа құбырларды да пайдаланып жүр. Олардың диаметрлері әр түрлі.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Біз қолданып жатқан құбырлардың диаметрі 100-ден 500 мм-дің аралығын құрайды. Ұзындықтары 25 шақырымға дейін жетеді. Бүгінде жаңа дүниенің 5 шақырымы орнатылып, қолданысқа берілген. Мұндай құбырлар өте төзімді, ұзақ уақытқа шыдас береді.

Жалпы, қазіргі таңда шаһарда апаттық деп танылған 4 су өткізгіш бар. Оларды жөндеу жұмыстарына мемлекет қазынасынан 1 млрд 200 млн теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Бүгінде жауапты шаруа басталған. Қазір мамандар Казахстанская правда мен Маяковский көшелері аралығындағы 1 өткізгішті қалыпқа келтіріп жатыр. Мұнда диаметрі – 500 мм, ал ұзындығы 9 км құрайтын кәріз құбыры орнатылуда.

Арман Саутов- “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Қазір қалған 3 құрылысқа конкурс өткізіліп жатыр. Мердігер табылса бірден іске кірісеміз. Жоспар бойынша біз Шухов көшесіндегі су өткізгішті жаңасына алмастырамыз. Тағы, Алматы мен Жұмабаев көшелеріндегі 2 шақырым және 300 метрлік құбырларды жаңалаймыз.

Ал бұл қаланың сырты. Мұнда да жұмыс қызу. Мамандар 4 аптадан бері шаһардың шеткері бөлігіндегі үйлерге су жеткізетін құбыр орнатып жатыр. Іске бюджеттен 511 млн теңге бөлініпті. Бүгінде 350 метрде шаруа тындырылған. Жауапты жұмыс жылдың аяғына дейін аяқталмақ.

Актолкын Солтанханкызы