Ауыл шаруашылығы

Петропавлда “Жас депутаттар форумы” өтті

Белсенді, шағырмашыл, өнерлі және табысты! Бүгін Петропавлда халықаралық “Жас депутаттар форумы” өтті. Алқалы жиынға солтүстікқазақстандық және Елорда мен Ресейдің Омбы қаласынан келген 400-ге тарта қыз-жігіт қатысты. Олар шара барысында түрлі тақырыптарда пікір алмасты, тәжірибе бөлісті.

Халықаралық жас депутаттар форумы “Жер. Жігер. Жастар” деп аталды. Бұның өзіндік мәні бар. Бүгінгі жиынға қатысып отырғандардың денін елді мекендерде тұратын қыз-жігіттер құрайды. Олар өте белсенді, шығармашыл, түрлі идеяны жүзеге асыруға әрдайым асық. Бастысы ауылды гүлдендіруге дайын. Сондықтан да мұндай жандар бір-бірімен танысуға, тәжірибе алмасуға міндетті.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың басшысы:

– Қазіргі күні өңірімізде 100 мыңға тарта жас бар. Олардың 60 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан да біз елді мекендерде өмір сүріп жатқан қыз-жігіттердің белсенділігін одан әрі арттыру қажетпіз. Яғни, замандастарымызға көмек көрсетіп, ақыл-кеңес беріп, ілкімді істерді қолға алуға шақыруымыз қажет.

Қатысушыларға қандай ақыл-кеңес берілмек? Форум аясында 3 бірдей секциялық отырыс өткізу жоспарланған. Оның бірінде қыз-жігіттердің жергілікті атқарушы билік өкілдерімен байланысын арттыру, екіншісінде кейінгі буын өкілдерінің бастамаларын жүзеге асыру жайы талқыланады. Ал, үшіншісінде селолық жерлердегі жастарды дамыту жөнінде әңгіме қаузалмақ. Мұнда не айтылмақшы? Дәл осы жиынға «Келлеровка-прогресс» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Ержан Хамитов те атсалысады. Азамат өз бизнесін 2017 жылы бастапты. Алғашқы кезеңде мемлекет көмегіне жүгінген. Қазір сол қолдаудың арқасында өндірістік кәсіпорындарға сүт тасып, кәсіптен нәсіп тауып отыр. Іскер жанның қарамағында жұмыс істейтіндердің басым бөлігін жастар құрайды екен.

Ержан Хамитов – «Келлеровка-прогресс» өндірістік кооперативінің төрағасы, Тайынша ауданы:

– Жастарға ауылда жұмыс бар. Ерінбеген адамның барлығына айналысар іс табылады. Тек қорықпау қажет. Мемлекет қолдауына сүйеніп, еңбек еткен жөн. Қазір елімізде қыз-жігіттер үшін түрлі бағдарламалар, жобалар жұмыс істейді. Соларды тиімді пайдаланған жөн. Мені бүгінгі жиынға арнайы шақыртты. Қазір секциялық отырыста өзім жайлы, бизнесім байлы ізбасарларыма айтпақпын. Сұрақтарына жауап беремін.

Форумға жергілікті жастардан бөлек, Нұр-Сұлтан мен Ресейдің Омбы қаласынан келген қонақтар да қатысып отыр. Оларды өңіріміздегі бастамалар, қыз-жігіттерге жасалатын жағдайлар қызықтырады. Мысалы, “ОША” өндірістік корпорациясының бас директоры
Виктор Дракунов өлкеміздегі ауыл шаруашылығы саласы жайлы мол мағлұмат алғысы келеді. Болашақта азамат біздің тәжірибені көрші елде қолдануға ниетті.

Виктор Дракунов – “ОША” өндірістік корпорациясының бас директоры, Омбы қаласы, РФ:

– Кеше осы жердегі азаматтармен ауыл шаруашылығы жайында біраз пікір алмастық. Сонда мұндағы тұрғындар мемлекет тарапынан жасалған жағдайлар, жеңілдіктер туралы айтты. Қолдау көңілімнен шықты. Бұл істі омбылықтарға жеткіземін. Осындағы тәжірибені игеріп көреміз. Өз кезегімізде бізде білген-түйгенімізді қазақстандық жастармен бөлісетін боламыз.

Жас депутаттар форумында “Дипломмен ауылға”, “Жас кәсіпкер” және “Бастау” сынды жобалар жайлы да айтылды. Жалпы, шараға 400-ге тарта жас қатысты.

Байболат Бектемірұлы