Білім

Білім саласындағы өзгерістер

Білім саласындағы өзгерістер. Мемлекет басшысы өз жолдауында ұстаздар қауымына жасалатын қолдауға баса назар аударған болатын. Бұл өз кезегінде оқушылардың білім деңгейін арттыруға септеспек.

Ұстаздардың беделін арттыру, жалақысын өсіру, қағазбастылықтан арылту. Бұл соңғы уақытта білім саласында тікелей педагогтарға қатысты айтылып жатқан бастамалар. Мұғалімдер қауымын орын алатын жаңашылдықтар қуантпай қоймады, әрине. Алдағы 4 жылдың ішінде балаларды білім нәрімен сусындататын мамандардың еңбек ақысы 2 есеге артпақ. Жауапы істі бүгінде өңірімізде 17 мыңнан аса педагог атқарып келеді. Олардың қатары жыл сайын 200-ге жуық жаспен толығады екен. Биыл үлкен ұжымға 676 маман қосылған. Яғни, кадр тапшылығы жойылды деуге де болады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Ауылды жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға жалақының үстінен тағы 25 пайыз көлемінде қосымша ақы төленеді. Биыл өңірдегі 10 мың ұстаздың айлығы 30 пайызға артты. Осылайша, мұғалімдердің 1,5 мыңнан астамы ең жоғарғы жалақы – 220 мың теңгеге қол жеткізіп отыр.

Ұстаздар қауымын қолдау мақсатында атқарылып жатқан шаруа аз емес. Алдағы уақытта «Дипломмен ауылға» бағдарламасына да көңіл бөлінбек. Келесі жылы үкімет жобаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге дейін жеткізбек. Бұл ең бірінші кезекте елді мекендерге білікті кадрларды тартуға септесетін болады. Себебі, бүгінде қала мен село мектептеріндегі орта білім беру сапасы алшақтап барады. Ара қашықтықты жоюда тек технологиялардың ғана емес, мамандардың да рөлі үлкен.

Роза Сәркен – СҚО білім басқармасының білім саласындағы ақпараттық технология мен әдістемелік жұмыс орталығының директоры:

– Bilim Media Group» компаниясымен бірігіп Оқушылар сарайында ресурстық орталық ашатын боламыз. Ол жұмысын қараша айында бастайды. Мұнда біз мұғалімдердің біліктілігін арттырып, болашақ мамандарды кәсіби даярлайтын боламыз. Сондай-ақ, ел бойынша Тұңғыш Президенттің бастамасын іске асыру мақсатында «ЕЛ ҮМІТІ» жол картасы жұмыс істейді. Жоба жас таланттарды қолдауға бағытталған.

Тағы да мектеп қабырғасындағы кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстарын қолға алған жөн. Шаруа бүгінде 10-11 сыныптарда білім алатын оқушылармен жүргізіледі. Уақыттың аздығынан балалар сұранысы төмен мамандықтарды таңдап жатады. Ал, кейбірі мүлдем өзіне жат салаға кетеді. Осылайша, университеттегі 4-5 жылды босқа өткізіп, қызметке тұрғанда ғана қате таңдау жасағанын түсініп жатады. Бұның алдын алу қажет. Яғни, 7-ші сыныптың оқушыларымен-ақ болашақты жоспарлай бастаған жөн. Кәсіби бағыт-бағдар беру шараларына өз жолдауына Президент те тоқталып өткен болатын.

Эльмира Садвокасова