Денсаулық сақтау

“Солнечный” шипажайы жылына 700 баланы қабылдайды

Әрі емделіп, әрі демалып қайтатын сауықтыру орны! Петропавлдағы “Солнечный” шипажайы жылына 700 баланы қабылдайды. Мұнда жүрек-қан тамыр­лары, тыныс алу мүшелері мен жүйке жүйесі аурулары бойынша емдік шаралар жүргізіледі. Бұның барлығы емделушілер үшін тегін.

Көңілді іс-шаралар, спорттық жаттығулар, түрлі массаждар мен денсаулыққа пайдалы процедуралар. Бұның барлығы «Солнечный» шипажайының тынығушыларына қолжетімді. Орталықта жылына мыңға жуық адам ем-дом алады. Ересектерден бөлек мұнда кішкентайлар да тынығады. Бүгінде шипажайда 45 бала демалуда.

Людмила Погожева – «Солнечный» шипажайының педиатр-дәрігері:

– Біздің орталық 4 пен 14 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Мұнда көбінесе жиі ауыратын ұл-қыздар ем алады. Шипажайда тынығуды қалайтындар үшін өздері тіркелген емханалардан жолдама әкелсе жеткілікті. Бізде барлық процедуралар тегін. Мұнда балаларға 7 мезгіл тамақтандыру, түрлі үйірмелер мен көңілді іс-шаралар да қарастырылғын.

Топ-топқа бөлінген ұл-қыздар қазір күн тәртібіне сай дәрігерлер мен медбике қабылдауларынан өтуде. Мәселен, процедуралардың бірі “шунгит” бөлмесінде өтеді. Балалар таста жалаң аяқ жүрулері тиіс. Бұл жүйкені тыныштандырады, қан айналымына жақсы әсер етіп, ұйқыны қалыпқа келтіреді екен.

Ал мына бөлме релаксация деп аталады. Мұндағы түрлі түсті жарықтандырғыш құрылғысы жанға ләззәт сыйлайды. Тағы әуезді ән мен бөлмедегі аңқып тұрған жағымды иіс балалардың жан дүниесін тыныштандырады.

Дана Сәлімқызы:

– Қазір біз тұзды шахтадамыз. Бұндағы бір процедура теңізде болған 3 күнмен теңестіріледі. Бұл үңгір өкпе аурулары, бронхиалды астма және аллергияға шалдыққан адамдарға пайдалы.

“Тұзды шахта” «Солнечный» шипажайында екі жыл бұрын ашылған екен. Содан бері бұл бөлме барлық емделушілердің сүйікті орнына айналған. Балалар мұнда 20 минут дем алып, мультфильм көреді.

Адэлина Батырбекқызы:

– Маған осы шипажай қатты ұнайды. Әсіресе, осы үңгір. Мұнда достарыммен бірге уақыт өткізген жақсы.

Жалпы, жыл сайын «Солнечный» шипажайына 700-ден астам бала ем алуға келеді. Өйткені, бұл – өңірде балғындарды сауықтыруға арналған жалғыз шипажай.

Дана Сәлімқызы