Қоғам

Әскери-патриоттық клубтар арасында слет өтті

«Әскердегі бір күн». Осындай атаумен Ұлттық ұланның Әскери институтында слет өтті. Оған теріскейдің түкпір-түкпірінен жиылған 50-ге жуық жасөспірім қатысты. Жас ұрпақ сарбаздардың өмірімен танысып, әскери-спорттық норматив орындаудан сынға түсті.

Әскери өмір, әскери тәртіп. Мұнда жігерлі, мақсаты айқын, өз еліне қызмет етуге дайын азаматтар жиналған. Болашақ сарбаздар таңсәріден плацта сап түзеді. Командирдің бұйрығымен 10 командаға бөлініп, станцияларға тарады. Мұнда олар әскери адамның біркүндік атқаратын спорттық нормативтерін орындайды.

Алдымен турникке тартылу. Иван Моздер 1 минуттың ішінде белтемірден иегін 15 рет асырып, командаластарының арасында ең үздік нәтиже көрсетті.

Иван Моздер – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Жастар спортпен айналысулары керек. Бүгін әскерилердің өмірімен танысып, біраз нәрсе үйрендім. Әр азамат өз елінің патриоты болуы қажет. Және ер жігіттер Отан алдындағы парызын өтеуден жалтармауы керек.

Сарбаздардың әрқайсысы кез келген төтенше жағдайға дайын тұруы қажет. Өрт, улы газ, түтін – осылардың бәрінде жауынгердің дайындығы сыналады. Қазір жасөспірімдер газқағар киіп 100 метрге жүгіреді. Ереже бойынша бұл қашықтықты 13,9 секундта еңсеру қажет екен. Нұршекер Бейсенбай тапсырманы 13,4 секундта орындап, үздік нәтиже көрсетті.

Нұршекер Бейсенбай – слетке қатысушы, Тайынша ауданы:

– Противогазбен жүгіруді негізі мектепте АӘД сабағында үйрендім. Мектепте көп дайындаламыз.

Бұл шараның өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор. Ол жастардың санасына отансүйгіштік қасиет дарытып, бойларына жауынгерлік рух сіңіреді. Шара барысында жиналғандар бірнеше әскери техникамен және қазақ армиясының қолданысындағы қару-жарақтармен танысты.

Мына жерде нағыз жауынгерге арналған қару түрлері тізіліп тұр. Олар: РПГ, снайперлік винтовка, ПКМ пулеметі, Макаров тапаншасы. Курсант жастарға әрбірін жеке-жеке айтып, таныстыруда.

Бұл – әлемге әйгілі АК-47 автоматы. Болашақ сарбаздар оны бөлшектеп, қайта жинаудан жарысып жатыр.

Дамир Дюйсенов – Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің студенті:

– Автомат жинауды 1-ші курста АӘД сабағында үйрендім. Содан бергі ең үздік нәтижем – 8 секунд. Бүгін 13 секундта жинадым. Өзім медициналық колледжде 2-курста оқимын. Оқуды бітірген соң әскери дәрігер болып қызмет етуді ойластырып жүрмін.

Облыстық слетке қалалық және аудандық әскери-патриоттық клубтардан жиналған 10 команда қатысты. Сайыс соңында жеңімпаздар бағалы сыйлық және дипломдармен марапатталды.

Бердімұрат Баймұқан