Құқық қорғау органдары

Полицейлер “Назар аударыңыз, балалар!” шарасын жүргізуде

Петропавлда жеткіншектер жоғарғы сынып оқушыларын көшеде құлаққаптарын шешіп жүруге шақырды. Полицейлер ұйымдастырған ерекше акция арқылы балалар аға-әпкелеріне жолда жүру ережелерін сақтау керектігін ескертті. Мұндай профилактикалық шаралар өңірде оқу жылының басынан бері жүргізіліп жатыр.

Трафарет пен бояу. Бүлдіршінге тән қызығушылықпен жеткіншектер асфальтқа ерекше жазба салып жатыр. Балғындар – қалалық №6 мектептің 1-ші сынып оқушылары.

“Құлаққапты шеш” – бұл жоғарғы сыныптарда оқитын аға-әпкелерге арналған үндеу. Мектептен шыққан олардың көздері ең алдымен енді ізбасарлары қалдырған ескертуге түсетін болады.

Дәл осындай “месседжді” 2-ші мектептің 7-ші сынып оқушылары қатарластарына қалдырды. Сабақтан шыққан жасөспірімдер үйге жеткенше музыка тыңдауға әуес. Мұны олардың өздері де мойындайды. Бірақ, құлаққа ұрып тұрған әуенге беріліп, көбі жол ережелерін елеп-ескермейді. Ал мұның арты қайғылы аяқталуы мүмкін. Сондықтан болар, полицейлер осындай акцияны қолға алып отыр. Негізі, қазір күллі облыс бойынша “Назар аударыңыз, балалар!” профилактикалық шарасы жүріп жатыр. Оның аясында тәртіп сақшылары мектептерді аралап, жеткіншектерге жол ережелерін түсіндіруде.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Бүгін 6-мектепте 1-ші сынып оқушыларымен сабақ өткізілді. Бұл сабақта балалардың жол қозғалысы ережелері бойынша негізгі талаптары айтылды және сұралды. Балалар өте жақсы дайындалған. Олармен жұмбақтар шешіп, суреттер салдық. Балалардың дайындығы өте жақсы және білімдері жақсы бағаланды.

Әрине, сабақтан кейін бастауыш сынып оқушыларының көбін жақындары алып кетеді. Керек бола қалса, әр баланың қолында ата-аналары мен мұғалімдері дайындаған бағыт парақтары бар. Бірақ, олар тиімді ме? Полицейлер шағын эксперимент ұйымдастырды. Олар жеткіншектерге мектептен үйге баратын жолдың картасын салып беруді сұрады. Нәтиже қуантады, балалар көп нәрседен хабардар.

– Біз апамен екі аялдамадан кейін үйге келеміз біздің үйдің қасында көктөбе деген магазин бар.

– На красный переходить нельзя, а на зеленый можно.

Бұл – “Назар аударыңыз, балалар!” жедел алдын алу шарасының екінші кезеңі. Ол қыркүйектің 30-ына дейін жалғаспақ. Мұндай түсіндіру жұмыстары керек. Балалар мен жасөспірімдердің жолдағы жауапкершілігін арттыру артық етпеді. Өйткені, жыл басталғалы кәмелетке толмаған 20 бала шаһар жолдарында жапа шеккен.

Саят Ермек