ТЖ

Жамбыл ауданында білдей бір отбасы өрттен жапа шекті

Жамбыл ауданында 3 адамнан тұратын білдей бір отбасы өрттен жапа шекті. Оқиға кеше, яғни қыркүйектің 23-і, күннің екінші жартысында орын алған. Тілсіз жау Благовещенка ауылындағы жер үйлердің бірінде бас көтерді. Оқиға орнына лезде жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды жарты сағаттың ішінде ауыздықтады. Десе де, ерлі-зайыпты үй иелері мен олардың 5 жасар ұлын түрлі дәрежедегі күйік шалған.

Саят Ермек – тілші:

– Благовещенкадағы өрттен жапа шеккен 29 жастағы отағасының екі қолы мен аяқтары күйген. Ал оның жұбайы мен 5 жасар ұлының денесінің тең жартысын күйік шалыпты. Қазір білдей бір жанұя аудандық ауруханада жатыр. Олардың жағдайлары қалыпты ауыр деп бағалануда. Құтқарушылар берген ақпарға сәйкес тілсіз жаудың бас көтеруіне отқа немқұрайлы қарау себеп болған.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Отағасы пеш жағу үшін бензинді пайдаланбақшы болған. Бірақ, жанармай құйылған пластик бөтелке жанып кетеді. Ер азамат паникада далаға қарай жүгіргенде, бөтелкеде қалған бензин дәлізге төгіліп, ол отқа оранады.

Ал ер азамат жатын бөлмедегі әйелі мен баласын дауыстап шақырғанда, сабан үйдің шығаберіс дәлізі лапылдап тұрып жанып жатқан. Анасы баланы қолына алып, жүгіріп шығады. Алайда, екеуі де түрлі дәрежедегі күйік алады. Тұрғындар ең қарапайым деген қауіпсіздік ережелерін елемейді дейді облыстың бас құтқарушысы. Оның сөзінше, қаңтардан бері өңірде 500-ге жуық өрт оқиғасы тіркелген екен. Рамиль Камалов ең көп таралған себептерді де жіпке тізді.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Отқа немқұрайлы қарау мен ішімдікке тойып алып, үйде темекі шегу салдарынан өрт жиі орын алады. Тағы бір себеп – бұл пешті пайдаланудағы немқұрайлық. Жылыту маусымы басталды, сондықтан азаматтарға мұржаларды тазартып, пешті бір тексеріп алу керектігін ескертеміз. Өйткені, маусым басталған бір ғана аптаның өзінде 6 бірдей өрт тіркелді.

Саят Ермек – тілші:

–  Жыл басталғалы қызыл жалын осынша жерлесіміздің өмірін жалмаған. 16 теріскейлік түрлі жарақаттар алса, 26-сына иіс тиген. Бұл көрсеткіш әрине, былтырғыға қарағанда төмендеу. Десе де, статистика жаға ұстатады. Айта кеткен жөн, барлық өрт оқиғаларының бақандай 80 пайызы тұрғын үй секторында орын алған екен.

Саят Ермек