Спорт

Теріскейліктер Нұрқожа Қайпановты қарсы алды

Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Нұрқожа Қайпанов күміс медальды еншіледі. 70 келі салмақта өнер көрсеткен палуан ақтық бәсекеде ресейлік Давид Баевпен белдескен болатын. Кеше оны теріскейлік жанкүйерлері мен жақындары зор қуанышпен қарсы алды.

100 елдің палуандары бас қосқан біріншілікте теріскейлік Нұрқожа Қайпанов күміс медальды еншіледі. 70 келі салмақта белдескен жерлесіміз дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледждінің түлегі.

Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

– Жарыс өте жоғарғы деңгейде өтті. Қазақ еліне бұрынғы чемпионаттарға қарағанда өте көп спортшы келді.

Нұрқожа бұл чемпионатқа ұзақ уақыт дайындалыпты. Дүбірлі додада 4 палуанмен күреседі. Олардың ішінде Азия чемпионатында белдескен қарсыластары да бар екен. Ақтық бәсекеде білекті жігіт ресейлік Давид Баевпен белдесіп, 2:14 есебімен тізе бүгіп қалды.

Аян Бейсембаев – Н.Қайпановтың бапкері:

– Әлем чемионатына дайындығымызды өткен Азия чемпионатынан кейін бастап кеттік.

Нұрқожа Қайпанов сәл үзілістен соң қайта жаттығуға кіріспек. Ол 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасына дайындықты бастамақшы.

Маржан Касымбек