Балалар

Суретшілермен кездесу

“Ботай – ұлы дала мәдениеті”. Жуырда Петропавлда дәл осындай атаумен халықаралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылған болатын. Оған түрлі елдерден келген 20 адам қатысып, тарихи өлкеден алған әсерлерін қағаз бетіне түсірді. Қылқалам шеберлері бүгін “Березка” сауықтыру лагерінде жастармен кездесу өткізіп, шығармаларымен таныстырды.

Алматы қаласынан келген Шамиль Гулиев туындысын жалғыз өзі далада аяқтауды жөн көрген. Өйткені, ол шабытын табиғаттың көркемдігінен алады. Өнерлі жанға күздің аздап суық желі мен құбылмалы ауа райы әсте кедергі келтірмепті. Керісінше, айналада орын алып жатқан құбылыс оның еркін қиялдауына септеседі. Суретшінің салып жатқан шығармасы да ерекше. Қылқалам шебері ыдысқа салынған жылқы етін бейнелеуде.

Шамиль Гулиев – суретші, Алматы қаласы:

–  Қазақстанда туып өссем де Ботай тұрағы жайлы білетінім аз екен. Онда барған кезде жылқылыр жайлы біраз ақпарат жинадым. Қазақ халқы бұрыннан төрт түлік малдың күтіміне ерекше мән берген. Өзіме аттар өте қатты ұнайтындықтан, оның суретін түрлі стильде салғанды жөн көремін.

Ал, Алишер Хамидов болса жасыл жайлау мен қалың қарағайды айнытпай салып жатыр. Суретші өңірімізге Өзбекстанның Ферғана облысынан арнайы ат терлетіп келіпті. Ол жол бойы жазық даладан алған әсерін қағазға түсіруді шешкен.

Алишер Хамидов – суретші, Өзбекстан Республикасы:

– Солтүстік Қазақстанның табиғаты басқа облыстарға қарағанда ерекше. Мұндағы кейбір ағаштар қысы-жазы жасыл болып жайқалып тұрады. Теріскей өңірі маған сонысымен қатты ұнайды. Мен мұнда осыған дейін де бірнеше рет келгенмін.

Қазақстаннан өзге, Өзбекстан, Қырғыстан және Ресей. “Ботай – ұлы дала мәдениеті” атты Халықаралық суретшілер симпозиумына түрлі елдерден жиылған 20 суретші қатысып жатыр.

Кейін, шығармашыл тұлғалар талапты жастарға қолдарынан шыққан туындыларын таныстырды. Ақыл-кеңестерін айтып, шеберлік сағатын өткізді. Ал, ұл-қыздар үлкендердің сөзін мұқият тыңдап, жадына сақтап алып жүр.

–  Мен үшін шебердің сурет салмас бұрын ең алдымен, қандай дайындық жасайтыны қызықты. Олардың айтқандарын болашақта кәдеме жаратын боламын.

Айта кетейік, қыркүйектің 27-і облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме өткізіледі деп жоспарланып отыр. Шарада теріскейліктерге арнап Халықаралық суретшілер симпозиумына қатысушылардың туындылары да паш етіледі.

Маржан Касымбек