МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Ең мықты, білікті деген 300 маман Президенттік резервке алынбақ. Іріктеудің алғашқы кезеңі қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Өз мүмкіндігін бүгінде 6 мыңнан аса жас сынап көруге ниет білдіріпті. Олардың қатарындағы теріскейліктердің үлесі тым аз. Бұл туралы облыстық әкімдіктің кезекті отырысында айтылды.

Жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Өңір жетекшісі облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға Марат Ескендіров лайық деп танылды. Азамат осыған дейін Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары қызметінде еңбектенген. Кезек күн тәртібіндегі сұрақтарды қарастыруға да жетті. Алғашқы мәселе Президенттік кадрлық резерв жөнінде. Қыркүйектің бірінен іріктеу бастау алды.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Өзінің кандидатурасын жоғары білімі мен 5 жылдық еңбек өтілі бар, жасы 35-тен аспайтын азамат ұсына алады. Тек қызметке Президентпен тағайындалған мамандардың байқауға қатысуға құқығы жоқ. Жалпы, іріктеу 4 кезеңнен тұрады. Біріншісі ағымдағы айдың соңына дейін жүреді. Қазан-қарашада үміткерлерлер тестілеу мен эссе жазып, жоба ұсынады. Кейін сұхбатқа қатысады. Президенттік резервке алынған жандардың тізімі желтоқсанның 25-інен кейін белгілі болады.

Қазірдің өзінде байқауға қатысуға 6 мыңнан аса адам өтініш білдірген. Алайда, іріктеуден білім, ой ұшқырлығы мен тапқырлығын танытқан 300 адам ғана өте алады.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 5 жыл ішінде министрлер, әкімдер мен олардың орынбасарларының орны босап жатса, бұл лауазымға резервтегі жандар келе алады. Тағы қызметкерлер ұлттық компания директорларының орындарына тағайындалуы мүмкін. Ал, оған дейін мамандар өздерінің жұмыстарын жалғастыра береді.

Іріктеудің алғашқы үш кезеңіне қатысу үшін елордаға ат басын бұрудың қажеті де жоқ. Интернет және веб камера болса болғаны. Алайда, соның өзінде мұндай мүмкіндікті пайдаланамын дегендердің саны біздің өңір бойынша тым аз. Бар-жоғы – 34 адам.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аққайың, Есіл, Жамбыл мен Тимирязев аудандарының бірде-бір маманы өтініш білдірмеген. Бұны қалай түсінуге болады? Елді мекендерде жұмыс істейтін перспективалы жас кадрлар жоқ па? Оларға қолдау көрсету қажет. Басқармалардағы жағдай да көңіл көншітерлік емес. Тек құрылыс, сәулет және қала құрылысы,/ ішкі саясат пен қаржы басқармаларының мамандары тіркеуден өтіпті. Қалғандарында кандидатура мүлдем жоқ болғаны ма? Денсаулық сақтау, білім мен мәдениет салаларынан үміткерлерді таңдауға болады ғой. Аудан мен басқарма басшылары, тізімді тағы бір рет шолып шығуларыңыз қажет.

Уақыт аз болғанымен, әлі де бар. Сондықтан, кандидатураларды іздеуді тездету қажет. Жүйелі жұмысты ветеринария саласы да талап етеді. Бұл – күн тәртібіндегі екінші сұрақ. Жыл басынан 327 мың ірі қарадан бруцеллез ауруын анықтау үшін қан алыныпты. Нәтижесінде, 1411 сиырдың дертке шалдыққаны белгілі болды. Олардың 43 пайызы – жеке қосалқы шаруашылық иелеріне, ал 57-сі агроқұрылымдарға тиесілі.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Кейбір агроқұрылымдар ірі қараны өсірудің мәдениетін ұстанбайды деп айтуға болады. Яғни, олар сиырды өзге аудан немесе өңірден сатып алып жатса, ветеринария мамандарына міндетті түрде айтулары қажет. Мал дәрігері оларды карантинге жауып, тексерістен өткізеді. Алайда, аграрийлер тиісті маманды құлағдар етпейді. Сөйтіп, ауруға шалдыққан ірі қараны алып келеді.

Жыл басынан 300-ден аса серіктестік ірі қара сатып алғаны жөнінде мал дәрігерлерін хабардар етпеген. Бұл өңірде жүргізілген рейд шараларының барысында анықталды. Жауапсыздық танытқан жандар заң бойынша әкімшілік жазаға тартылуы тиіс. Алайда, айыппұл тек 29 аграрийге салынған. Бұны аймақ басшысы қатаң сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Талапты бұзған аграрийлердің қалғандары неге жазаға тартылмады? Егер шаруа ветеринарларға айтпай ойына келгенін істеп жатса, олар заңға сәйкес жауап беруі қажет. Рейдте ұсталған адамдарды қалайша жібере салуға болады? Яғни, мамандар пара беріп, келісіп алған ғой. Кейін ауруға шалдыққан малдар анықталып жатады. Бұл – ойын емес, адамның өмірі ірі қараның денсаулығына байланысты екенін естен шығармаған жөн.

Ауруға шалдыққан ірі қара ошағы анықталып жатса, аумақ бірден карантинге жабылады. Бұл – бірмезеттік іс. Ал, тиісті шаруа жүргізілгеннен кейін тыйымды алып тастау – қиынның-қиыны. Шаруалар сиырдың сау екенін көрсететін анықтаманы алу үшін 50 күндей жүгіреді екен.

Марат Ибраев: ҚР АШМ ветеринариялық бақылау мен қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы:

– Карантиннен шығару жөнінде мәселе әкімдік пен әділет органдарында тым ұзақ қаралады. Жұмысқа ауылдық округ әкімдері жауапты. Өткен жылдары аграрийлер анықтаманы айлап күтетін. Заң жүзінде бұл мерзім 3-ақ күнді құрайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ветеринарлық инспекция тексеріс өткізіп, ірі қараның сау екендігін анықтаса, неге анықтама берілмейді? Бұл аграрийлердің ет өткізуін тежейді ғой. Барлығы бір парақ қағазға келіп тіркеледі. Шаруаға жауапсыз қарайтын ауылдық округ әкімдерін әкімшілік жазаға тартпай, бірден жұмыстан шығарулары қажет!

Жиында ветеринарлық бекеттер мәселесі де сөз болды. Өңірде олардың саны 177-ні құрайды. Дені жалға алынған нысандарда орналасқан. Ал, кейбірі мүлдем үйде жұмыс істейді екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тимирязев ауданында – 7, М.Жұмабаев, Аққайың мен Қызылжарда 2 ветеринарлық бекет тұрғын үйде орналасқан. Яғни, арнайы препаттардың барлығы тиісті бөлмеде емес, баспанада сақтаулы. Нысандарда бос орын жоқ па?

Өңірдегі мал қорымдарының жағдайы да көңіл көншітпейді. Олардың саны 529-ды құрайды. Алайда, бірде-бірінің жағдайы талапқа сай келмейді. Аймақ басшысы сұрақтардың барлығын назарда ұстап, тез арада біржақты ету қажеттігін айтты.

Эльмира Садвокасова