Қоғам

Интернет-дүкен ашудың тәсілі

Өткен жылы қазақстандықтар интернет арқылы 330 млрд теңгенің саудасын жасаған. Мамандардың айтуынша ғаламтордың көмегімен бизнес жүргізу өте қолайлы. Өйткені, ол уақыт пен қаржыны үнемдейді. Осыған орай облыс орталығында кәсіпкерлерге арналған электронды коммерция туралы семинар өтті.

Бүгінгі күні интернет – географиялық шектеуі жоқ сауда жасау аумағы десек те болады. Өйткені, сіз үйде отырып-ақ өз тауарыңызды бүкіл Қазақстанның тіпті, әлемнің кез келген нүктесіне жібере аласыз. Сондай-ақ, өнімді жарнамалау да қиын емес. Тек дұрыс маркетинг жасай алса болғаны.

Тимур Қабидолданов – «Қазпошта» АҚ E-commerce бойынша бас менеджері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бұл семинарда серіктестеріміз интернет-дүкенді қалай ашу және қандай жолмен дамыту керек екені жайлы ақпарат береді. Біз өз тарапымыздан қатысушыларды интернет-дүкендерге арналған сервистермен таныстырамыз. Сондай-ақ, тауарды әлемдік нарыққа экспорттау жайлы айтамыз.

Интернет бизнестің әлеуеті күннен күнге артып келеді. Өйткені, ол – уақыт пен ақшаны үнемдеудің жаңа жолы. Қоғам да қолма-қол ақша төлеуден алыстап жатыр. Адамдар қаржысын әмиянға салып тасымай интернет қосымшалары арқылы басқарып жүр. Бұл сауда жасауда да тиімді.

Семинарда маркетинг саласының маманы жиналған қауымды тақтада көрсетілген «1С-Битрикс Қазақстан» платформасымен жұмыс жасауды үйретіп жатыр. Бұл порталдың көмегімен сіз бен біз өз интернет-дүкенімізді конструктор сияқты бастан аяқ жинап шыға аламыз. Сайттың көлемі, түсі, дизайны. Мұның барлығын осы порталдың көмегімен оп-оңай құрап шығуға болады. Виталий Михайлов – өз кәсібін ғаламтор кеңістігі арқылы дамытқысы келіп жүрген іскер жандардың бірі.

Виталий Михайлов – кәсіпкер:

– Бүгінгі семинарда өзіме керек көп нәрсе үйрендім. Мамандар барлық нәрсені түсінікті тілде жеткізді. Ғаламторда жұмыс жасауды енді бастап жатқандар және онымен кәсіби айналысып жүргендер үшін де ақпарат мол болды.

Мұндай семинар осымен 15-ші рет өткізіліп отыр. Жиынға шамамен 100-ден аса кәсіпкер қатысты. Қазіргі уақытта еліміздің 4 қаласында E-commerce орталығы жұмыс істейді. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалалары. Ол жерде интернет-дүкен ашып, ісін алға жылжытқысы келген әрбір жан тиісті мамандардың көмегіне тегін жүгіне алады.

Эльмира Садвокасова