Петропавлда “DOSTYQ MALL” ашылды

МТРА жаңалықтары

22:15 23 Қыркүйек 2019

Көпшілік көптен күткен “DOSTYQ MALL” өткен сенбіде есігін айқара ашты. Супермаркет, сәнді киім бутиктері, демалатын және тамақтанатын орындар. Зәулім орталық петропавлдықтар тынығатын танымал орынға айналмақ. Нысанда қазірдің өзінде 400-ден астам адам жұмыспен қамтылған.

Сенбілік таң, демалыс. Ұйқыны соғудың орнына петропавлдықтар жаңа ойын-сауық орталығының алдында тұр. Өйтпегенде ше? “DOSTYQ MALL”- дың ашылуын шаһар тағатсыздана күтті. Бақандай 12 жыл бұл аумақта құрылысы аяқталмаған нысан қаңырап тұрды, ал 2 жылда заманауи ғимарат бой көтерді. Петропавл өзгеруде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Петропавл қаласы заманауи қала болу үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ескі үйлер мен ғимараттарды біз алып тастап, орнына жаңа, заманауи үйлер салып, ғимараттар ашып жатырмыз. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Баршаңызды осы тамаша демалыс орталығының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.

Ішкі архитектура, әрине, таңырқатпай қоймайды. “Енді біздің өзіміздің “Хан шатырымыз бар”,- деп қалжыңдайды қалалықтар. Сәнді киім-кешек бутиктері көп мұнда, 500 орындық фудкорт та бар. Бірақ, басты ерекшелік – төбедегі атриум. Диаметрі 26 метр болатын алып әйнектен жыл 12 ай күн сәулесі түсіп, ғимарат ішін шуаққа бөлейді.

Мұхтар Игібаев – “DOSTYQ MALL” сауда және ойын-сауық орталығының инвесторы:

– Бірде-бір павильон бос емес. Кейбіреуі сәл кешірек ашылады. Ендігі мақсат – 5 залы бар кинотеатрдың құрылысын аяқтау. Оны Жаңа жылға дейін ашуға тырысамыз.

27 мың шаршы метр болатын үлкен моллдың ішінде бұл күні аяқ басып жүру оңай болмады. Халық көп, петропавлдықтар жаңа кешендегі алғашқы саудаларын жасап әлек. Ал орталық сахнада – концерт пен ұтыс ойындары. Қысқасы, қаланың қақ ортасындағы демалыс пен шопинг мекені жұртшылықты таңдай қақтырды.

– Қаламызда, өздеріңіз білсездер, мұндай орталықтар көп емес. Ұнағаны – өте үлкен, үшінші қабатта ойын-сауық орталықтары өте көп.

– 21-ші емес, 22-ші ғасырдамын деген ойда боласың. Әдемі бәрі.

– Өз басым өте қуаныштымын. Өйткені, мен іздейтін киім-кешек пен оқу құралдарын және басқа да заттарды осы орталықтан табуға болады.

“DOSTYQ MALL”-ды Құмар Ақсақалов та аралап шықты. Әкім, әсте, сәнді киім бутиктеріне кірмеді. Ең алдымен, бұқараға қажетті сауда орындарына бас сұқты. Бірінші қабатта – жаңа супермаркет. Сөрелерде – көбіне Қазақстанда, әсіресе, теріскейде шығарылатын тауарлар.

Солтүстікқазақстандық тауар өндірушілердің фирмалық дүңгіршектері көп мұнда. Жаңа орталықта жаңа дүкенін “Радуга” серіктестігі де ашқан. Компания он шақты сөресін өзі шығаратын тауарларға арнапты. Шұлық өндіретін жергілікті «MATEX» компаниясының да шағын ғана сауда нүктесіне кезіктік.

Арамаис Тер-Аствацатурян – «MATEX» ЖШС директоры:

– Қазірдің өзінде шұлықтарды белсенді саудалап жатырмыз. Бәрін сататынымызға еш күмән жоқ. Өйткені, тауарларымыз халық арасында аса танымал. Сапасы жақсы, бағасы қолжетімді.

“DOSTYQ MALL”-дағы балаларға арналған ойын-сауық орны өзгелерінен ерекше. Әдетте, залдың жарты бөлігін алып, жеткіншектерді еріксіз еліктіретін ойын автоматтары, лэд экрандар мен гаджеттер мұнда атымен жоқ. Тек қана батуттар мен сырғанақтар. Мұндай белсенді демалыс, ең бастысы, ересектерге де қолжетімді. Жас бойынша шектеу жоқ. Осы сынды “активити парктер” өзге қалаларда аса танымал. Енді Петропавлда да бар. Көптен қаламыз ба?

Нұрлан Ахметов – “Ахметов Н.Г.” ЖК құрылтайшысы:

– Бұл – отбасылық парк. Көбіне балаларын батутқа жіберген ата-аналардың іші пысып, жай отырады. Ал мұнда ересектер де балалық шағын еске алып, жеткіншектермен бірге секіре алады. Бұл – біз ашып отырған екінші орталық. Алғашқысы Көкшетауда жұмыс істейді.

“DOSTYQ MALL”-дың ашылуын шаһар жұртшылығы бір емес, екі күн тойлады. Қыркүйектің 21-і кешен есігін айқара ашса, басшылық келесі күні кешке петропавлдықтарға ауқымды концерт сыйлады. “Open Air”-ге бұқара көптеп жиналды. Кеш хедлайнері – рескейлік танымал әнші Ольга Серябкина. Көпшілікке MOLLY атты лақап атпен таныс жұлдыз өзінің ең танымал әндерін шырқады, жұртшылықпен бірге!

Саят Ермек

 

Бұдан әрі оқыңыз

Қауіпсіздік шараларының сақталуы – назарда
Өңірде жас мемлекеттік қызметшілердің саны артуда
Уәлиханов ауданында жолдар жөнделе ме
Өңірдегі карантин режимі жеңілдетілді
Солтүстік Қазақстанда жемқорлық деңгейі қандай
Шаһар қалай өзгереді?
СҚО судьялары азаматтық дауларды сотқа жеткізбей шешуге кеңес береді
“Қызыл ай” қоғамы көмек көрсетуде
Дәріханалар мен супермакеттер қалыпты режимге оралды
Жергілікті тауарлар дүкен сөрелерінде алдыңғы қатарда тұруы тиіс
Облыс әкімі жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды
Азаматтарды қолдау мен бизнесті дамыту