Спорт

“JastarSportFest” ойындарының іріктеу кезеңі

JastarSportFest. Петропавлда 3 күн бойы алғашқы жастар ойындарының іріктеу кезеңі өтті. 500-ден астам ұл-қыз футзал, волейбол, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика мен әскери-қолданбалы спорт түрлерінен сайысқа түсті.

Қазақ мектеп-гимназиясында республикалық жарыста волейболдан өңір намысын қорғайтын команда анықталу үстінде. Алаңда 8 құраманың арасынан суырылып шыққан Мағжан Жұмабаев ауданы мен Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің спортшылары. Ақтық кезең болғандықтан, жастар барын салуда. Топ жару әлбетте оңай емес. Қос команда да жеңістен үмітті. Ұзақ уақытқа созылған тартысты кездесу ауданнан келген қыздардың пайдасына шешілді

Рашид Әубәкіров, дене шынықтыру, спорт және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығы директорының м.а:

– Облыстық жарысқа барлығы 500-ден аса жасөспірім қатысуда. Спортпен шұғылданатын ұл-қыздардың саны артып келеді. Ол үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бүгінде өңірде 1816 секция жұмыс істейді. Оған 30 мыңнан аса бала қатысады.

Ал, мында футзалдан жарыс өтіп жатыр. Сайысқа қатысуға 12 команда ниет білдіріпті. Қазір алаңда – Дарын мен 20-мектептің оқушылары. Қатысушылардың жас айырмашылығына қарамастан олар бір-біріне дес берер емес. Тартысты кездесу жасыл формадағы балалардың жеңісімен аяқталды.

Сергей Купчин, «Дарын» мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Біздің оқушылардың жасы қарсыластарына қарағанда кішкентай. Сәйкесінше, тәжірибелері де аз. Соған қарамастан жақсы ойын өрнегін көрсетуге тырысып бақты. Пас бергенде бір-біріне қарамайтын сәттер болды. Кейде доптың артынан үлгермей жатады. Жылдамдық жетіспейді. Міндетті түрде қатемен жұмыс жасаймыз.

Жарыстан интеллектуалдар да шет қалған жоқ. Жастар қазір тоғызқұмалақтан үздіктерді анықтау үстінде. Александра Михеева үшін бұл алғашқы облыстық сайыс. Нәтиже жаман емес. Әзірге, Саша екі кездесуде жеңіске жеткен.

Александра Михеева, жарысқа қатысушы:

– Менің тоғызқұмалаққа ден қойғаныма биыл – 4-ші жыл. Өте ұнайды. Себебі, логика мен жалпы ойлау қабілетін дамытады. Қарсыласының әр қадамын назарда ұстап, оны жеңудің жолдарын ойластыру қажет.

Іріктеу кезеңінің жеңімпаздарын төрешілер 3 күн бойы анықтады. Спортшылар медаль, грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Енді жастар Щучинск қаласында өтетін республикалық финалда өңір намысын қорғайтын болады.

Эльмира Садвокасова