Қоғам

Халықаралық суретшілер симпозиумы өтті

Солтүстіктің сұлу табиғаты қағаз бетіне түсті! Өткен жұмада Айыртау ауданында “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” атты халықаралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылды. Оған Қазақстаннан бөлек, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 21 қылқалам шебері қатысты. Шара барысында шығармашыл жандар тарихи мекенді, ондағы қазба жұмыстары жүргізілген жерлерді бейнеледі.

Ботай – тарихи орын! Мұнда 6 мың жыл бұрын асауға алғаш рет ауыздық салынды. Яғни, Қамбар ата төлдері қолға үйретілді. Бұл дерек ғылыми тұрғыда дәлелденгені баршамызға мәлім. Қазіргі күні өткеннен сыр шертетін қонысқа жер-жерден туристер келеді. Ғалымдар мен тарихшылар да ат басын жиі бұрады. Олар зерттеу жасап, ата-бабамыздың мәдениетімен одан әрі танысуға асық. Ал, бүгін қонақта – суретшілер. Қазір 21 қылқалам шебері халықаралық симпозиум аясында дархан даланы, қарағай, қайыңды қағаз бетіне түсіріп жатыр.

Людмила Айтуарова – суретші, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Мен еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан келдім.

Елордалық суретші Людмила Айтуарова тарихи қонысты айнытпай қағаз бетіне түсіру үшін төбешікке шығып алыпты. Бұл жерден 20 гектар аумақ алақандағыдай көрінеді. Тіпті, әрбір ұсақ-түйекті байқауға болады. Яғни, сурет салуға – тамаша орын. Қылқалам шебері әріптестері сияқты таңғы 5-тен бастап мүмкіндіктерін сынауда. Қазір түскі 1-де туындысын аяқтайды. Талап солай. Азаматша іс барысында өзінің сүйікті әуендерін тыңдап отыр. Мұндай жағдайда жұмыс істеу өзіне ұнайды екен.

Людмила Айтуарова – суретші, Нұр-Сұлтан қаласы:

–  Маған бұл жерде жұмыс істеген ұнап жатыр. Айнала өте керемет. Жазық дала, таза ауа – барлығы тамаша. Сол себепті, сурет те оңай салынуда. Бізге іске кірісер алдында Ботай жайлы қызықты дәріс оқылды. Соған сүйеніп туындымды әзірлеудемін. Көптің көңілінен шығады деген ойдамын.

Көппен бірге Евгений Заремба да сурет салуда. Ресейлік маманның қиялы ерекше екен. Ол өзгелер сияқты табиғатты емес, қазба жұмыстары жүргізілген орынды бейнелеп жатыр. Азамат жұмысты бастамас бұрын Ботай тұрағымен жақсылап танысыпты. Адамдармен тілдесіп, өзіне қажетті ақпарат жинаған.

Евгений Заремба – суретші, Новосібір қаласы, РФ:

-Қазба жұмыстары жүргізілген орынды бейнелеуге келдім. Осы жұмысым арқылы өзгеше бейне қалыптастырсам деймін. Шығармашыл жандарға мұндай сапарлардың берері мол. Біз осындай шараларда шабыт жинап, соның серпілісімен бір жыл көлемінде жұмыс істей аламыз. Өзім Қазақстанда бұған дейін екі рет болғам. Оңтүстік аймақтарды аралаған едім.

Халықаралық суретшілер симпозиумына қатысушы жандардың туындыларымен танысуға тамаша мүмкіндік бар. 27-ші қыркүйек күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме қанат жаймақ. Міне, сол шараға кейбір қылқалам шеберлерінің еңбектерін әкелу жоспарланып отыр.

Байболат Бектемірұлы