Спорт

2006-шы жылғы хоккейшілер арасындағы ел чемпионаты

Құлагер, Астана, Ертіс пен Арлан. Демалыс күндері Петропавлда 2006-шы жылғы хоккейшілердің арасында ел чемпионаты бастау алды. Кеше жергілікті құрама біріншілік аясындағы алғашқы кездесуін өткізді. Құлагерліктер өз айдынында Қөкшетаудан келген қарсыластарын қарсы алды.

Айдынға қазақстандық хоккейдің болашақ шоқ жұлдыздары шығуда. 12-13 жастағы балғындар ойын басталмас бұрын денелерін қыздырып алды. Сәлден соң жергілікті «Құлагер» мен көкшетаулық «Арлан» ізбасарларының арасында жеңіс үшін талас басталады.

Ойын басталысымен-ақ құлагерліктер шабуылға көшті. Қарсылас қақпаны торуылдап, бірден соққы жасауға тырысуда. Көп ұзамай имек таяқ шеберлерінің ойы іске асты. Жинақылық танытқанның арқасында спортшылар арландықтардан басым түсті. Осылайша, кездесудің алғашқы 20 минуты 3-0 есебімен аяқталды

Никита Петушков – «Qulager» ХК шабуылшысы:

–  Кейбір оңтайлы сәттерді пайдалана алмай қалдық. Аздап жылдамдық жетіспеді. Қазір қателіктерімізді шолып шығып, түзейміз деген ойдамын. Хоккей болғандықтан, кездесудің кімнің пайдасына шешілетінін айту қиын. Бірақ, қарсыластарымызды тізе бүктіру үшін барымызды салып жатырмыз.

Босаңсуға болмайды. Ұпайды еселеп, чемпионатта үздік атану үшін әлі тырысып бағу қажет. Бұны жергілікті команда жақсы біледі әрі қарсылас та осал емес. Сенбі күні чемпионат аясында өткізген алғашқы ойынды арландықтар жеңіспен аяқтады. Сондықтан, Көкшетаудан келген құрама бұл нәтижені қайталамақ ниетте. Бірақ, хоккейшілер бар күштерін өткен матчта жұмсаған көрінеді. Қарсыластарының жіберген әр қатесін құлагерліктер сәтті пайдалануда. Имек таяқ шеберлері ойынды 7-1 есебімен тәмамдады. Жергілікті команда жеңіске жетті.

Жалпы, жас құрамалар арасындағы ел чемпионатына 4 команда қатысуда. Олармықтыны айналмалы жүйе бойынша анықтайды.

Эльмира Садвокасова