Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ресейлік нарыққа шығу қиындады

Сыртқы нарыққа шығу, ал ішкіні реттеу қажет. Бүгін аймақ басшысының қатысуымен бәсекелестік және антимонополиялық реттеу бойынша қоғамдық қабылдау өтті. Шара барысында теріскейде саудаланатын өнімдердің сапасы туралы айтылды. Өкінішке қарай, дүкен сөрелеріндегі азық-түлік пен өзге заттардың барлығы бірдей талапқа сай емес. Тағы жергілікті компаниялар ресейлік нарыққа шығу үрдісінің қатайтылғанын атап өтті.

Мүмкіндіктер кеңістігі. Елбасының бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа бүгінде 5 мемлекет мүшелік етуде. Солардың бірі – Қазақстан. Ауқымды ұйым әріптес елдердің экономикасын дамытып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Жалпы, нарық ауқымды, 182 млн адам. Солтүстік өңір мұндағы өз орнын ойып тұрып алды деуге болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыстың транспорттық-логистикалық әлеуеті жоғары. Қиыр Шығыстан Еуропаға Қазақстанның жолымен аттанатын жүктердің 70 пайызы дәл біздің өңір арқылы өтеді. Аймақтағы ішкі тауар айналымының үштен бірі Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріне тиесілі. Ресей, Қырғызстан мен Беларусь – теріскейдің басты серіктестері. Атап өту қажет, соңғы 5 жылда эскпортталатын өнімдердің көлемі 1,6 пайызға артты.

Шынымен де, бүгінде теріскейде шығарылатын тауарларды Ресей қалаларында кездестіру таңғаларлық дүние емес. Мал және өсімдік, химиялық өндіріс, минералды өнімдер, металл мен тағы да басқалары. Жылдан-жылға сыртқы нарыққа шығарылатын дүниелердің қатары артуда. Сәйкесінше, бәсекелестік те нығайып барады. Алайда, кейде оның арты ұзақ уақытқа созылатын келіспеушілікке әкеп соқтыруы мүмкін. Мәселелерді шешумен Еуразиялық экономикалық комиссия айналысуда. 2017 жылдан бері 5 мемлекетке ортақ органның өкілдеріне 41 өтініш келіп түскен екен.

Әлия Жұмабаева – ЕЭК Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің директоры:

–  Біздің комиссия кемінде екі елдің нарығында бәсекелестікке қатысты жалпы ережелерді бұзған компаниялармен жұмыс істейді. Мұндай серіктестіктерге 5 млн Ресей рублі көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Нормаларды бұзу жағдайлары кездесіп жатса, бізге көмекке жүгіну қажет. Мамандар анық-қанығын анықтап, 30 күннің ішінде жауап қайырады. Жуырда бәсекелестікке қарсы келісімге қатысты іс аяқталды. Шетелдік компания Ресей мен Қазақстан аумағындағы дистрибьюторлармен есту импланттарын сату бойынша уағдаластық жасапты. Мұндағы бір гәп – отандық нарықтағы аппараттардың бағасы көршілермен салыстырғанда едәуір қымбат болған.

Сондықтан, қазақстандықтар есту импланттарын Ресейден сатып алмақ болған. Бұл жерде жаңағы дистрибьюторлардың екінші келісімі шыға келді. Олар көрші мемлекеттердің азаматтарына аппаратты саудалауға тыйым жасапты. Мәселе Еуразиялық экономикалық комиссия мамандарымен зерттеліп, норманың бұзылуы туралы дәйектер жиналған. Ақтық шешімді алқа өкілдері шығаратын болады. Айта кету қажет, оған әрбір мемлекеттен екі адам мүшелік етеді. Комиссияның көмегіне теріскейліктер жүгінбек. Проблема экспортқа байланысты. Оның көлемін ұлғайту – Президенттің тапсырмасы. Жүктелген міндетті жергілікті компаниялар орындауға дайын. Бірақ, бүгінде көршілес елдің дүкендеріндегі сөрелерге тауар жайғастыру оңай шаруа емес. Уақыт өткен сайын процедура күрделеніп барады.

Юрий Олейник – «Аби-Жер» ЖШС директорының орынбасары:

– Бидай экспортқа шығарылмас бұрын талап етілетін 13 техникалық регламентке сай тексерістен өтеді. Кейін астықты залалсыздандыру жүргізіледі. Сөйтіп, халықаралық статусқа ие фитосанитарлық құжатқа қол жеткіземіз. Алтын дән Таяу шығыс пен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріне ресейлік порт арқылы тасымалданылады. Біз мұнда арнайы кемені жалдаймыз. Оны залалсыздандырамыз. Негізінде ресейлік құзіретті органдар бізге бірден тиісті сертификат берулері тиіс. Бірақ, олар алтын дәнді қайтадан толықтай тексерістен өтуге жібереді.

«Аби-Жер» серіктестігі жүк тиелген вагондар, оның тасымалын жасауы тиіс кеме мен тексеріс жасаймыз деп шығындалады. Әрі көп уақыт жұмсайды. Негізсіз пайда болған талаптарды орындап жүргенде астықтың сапасы бұзылатын көрінеді. Сәйкесінше, алтын дәнге деген сұраныс сыртқы нарықта азаяды. Ресейлік тарапқа өкпесін «Қазетөнім» серіктестігінің мамандары да жеткізді. Көршілес елде теріскейлік компания шұжықтарына сұраныс жоғары. Бірақ, оны қанағаттандыруға мүмкіндік жоқ.

Нұргүл Әбдірахманова – «Қазетөнім» ЖШС бас есепшісінің міндетін атқарушы:

– «Қазмаркет» дүкендерінің 5 нүктесіне аптасына бір рет барлығы 150-200 келі тауар апарамыз. Бұл біз үшін өте аз. Сауда желісіне шығу мүмкін емес. «Магнит» акционерлік қоғамымен 3 ай бойы электрондық хат алмасудамыз. Арнайы порталдарына тіркелдік. Талаптары тым жоғары. Өзіміздің коммерциялық ұсынысымызды жасау үшін қолдау қызметіне көмек сұрап жаздық. Басында жауап беретін, қазір үн де жоқ.

Осындай қысымның салдарынан шығынға батқан «Зенченко и К» КС Ресей нарығынан қыркүйектің 10-ынан бастап бас тартты. Барлығы сол эскпортталатын тауарларды нарықтан шығаруға бағытталған тексерістің салдарынан.

Геннадий Зенченко – «Зенченко и К» КС бас директоры:

-Біз сүт өнімдерін Петухово кедені арқылы өткіземіз. Ондағы зертхана Челябіде орналасқан. Шекараға әкелген өнімнің сынамасы алынып, аталған қалаға апарылады. Сонда тексерістен өтеді. Ал, оның нәтижесі туралы өзіміз бармасақ, бізге 10 күннен кейін ғана айтылады. Өткір тұрған мәселені шешу қажет. Тым құрығанда Қорған, Омбы мен Түменнің нарығына шығуға болады. Губернаторлар және ауыл шаруашылығы министрлерімен кездесіп, келіссөз жүргізулеріңізді сұраймын.

«Россельхознадзор» қысым көрсетеді, табиғи таза өнімдерімізді бірнеше мәрте тексерістен өткізеді, бірақ өз тауарларына келгенде регламентті сақтамайды дейді кәсіпкерлер. Өйткені, дүкен сөрелерінен ресейлік сапасыз өнімдер табылған.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының м.а.: 

–  Үстіміздегі жылы 2009 сынама алынды. Тауарлардың 17,1 пайызы техникалық регламентке сай келмеді. Сүт өнімдеріне тоқталар болсақ, зерттеуден өткен 18 тауардың әрбір үшіншісі талапқа сай емес. Яғни, құрамында табиғи емес элементтер, пальма майы бар. Қаптамада, әрине мүлдем басқа ақпарат жазылады. Мұндай бұзушылықтар ресейлік «Крестьянское масло» мен тіпті импорттық франциялық «Президент» майларында кездесті. Сынамаларды біз кездейсоқ өнімдердің арасынан таңдап аламыз. Яғни, талапты сақтамау фактілері бұдан да жиі кездеседі.

Ал, жануарлардың днқ-сы бойынша 111 сынама алыныпты. 39-сы көңіл көншітпейді. Ресейлік және қырғызстандық тауар өндірушілер сиыр мен тауықты шошқадан айыра алмай ма деген сұрақ туындайды. «Халал» деп сатып алатын өнімдерден доңыздың еті мен майы кездеседі екен. Бұл ретте мамандар Еуразиялық экономикалық одағында саудамен айналысатын жауапсыз компаниялардың тізімін жасауды сұрайды.

Серік Жұманғарин – Еуразиялық экономикалық комиссиясының мүшесі:

– Техникалық регламентке қатысты өзгерістер шынымен қажет. Үкімет өңірлерде арнайы жобалық кеңселерді ашты. Бастысы проблемалар туралы үндемей қалмай, жеткізу қажет. Біз мамандармен 8 аймақты аралап, кәсіпкерлермен жүздестік. Алда тағы 2 облысқа бару – жоспарда.

Мамандар кәсіпкерлердің базыналарын тыңдап, үкіметке жеткіземіз деп отыр.

Эльмира Садвокасова