Қоғам

Ілеспе аударма жөніндегі семинар-тренинг

Облыс орталығында «Ілеспе аударманы оқыту, тіл мәдениетін жетілдіру» атты семинар-тренинг өтіп жатыр. Шараға жергілікті 40-қа жуық маман қатысуда. Олар екі күн бойы елордадан арнайы шақырылған білікті аудармашыдан дәріс алып, тәжірибелерін арттырады.

Ілеспе аудармашы – Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдардан бері сұранысқа ие болып келе жатқан мамандықтардың бірі. Өйткені, шетелдік инвесторларды тартып және халықаралық маңызды форумдарды жүргізген кезде өзара тіл табысу үшін тура аударма жасалуы қажет. Сол үшін бұл саладағы білікті мамандардың көп болғаны жақсы. Бүгін осы мақсатта облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен семинарға білікті маман, белгілі аудармашы Камал Әлпейісова арнайы шақырылған. Ол кезінде көптеген маңызды жиындарға қатысып, мемлекет басшыларының айтқан сөздерін тәржімалаған.
Бұл өте қиын мамандық. Екі тілді білетін кез келген жан ілеспе аудармашы бола алмайды. Ол үшін көп жыл еңбек ету керек. Іздену, дағдылану қажет.

Камал Әлпейісова – ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ қызметкері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бүгін жалпы дәріс оқимын, ал ертең -практикалық жұмыс. Жалпы, ілеспе аудармаға үйрену көп уақытты талап етеді.

Жалпы, семинарға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 40-қа жуық аудармашы маман қатысуда. Тренинг екі күнге жалғасады. Шара соңында қатысушыларға сертификат табысталмақ.

Бердімұрат Баймұқан