Мәдениет

Қазақ театры 21-ші маусымын ашты

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры 21-ші маусымын бастады. Сахна шымылдығы “Ноғайбай би” спектаклімен ашылды. Көсемнің өмірі мен шешендігі жайлы баяндалатын шығарманы жерлесіміз Болат Мамытбеков жазған екен.

Қазақ халқының тарихы жайлы баяндалатын оқиға осыдан шамамен 1 жарым ғасыр бұрын орын алған. Ноғайбай би халқының жоғын жоқтап, жоғалғанын қайтаруға көмектескені үшін барша жұрт оны құрмет тұтқан.

Үйінде жүрген қазақтың 4-ші биі Ноғайбайға кенет Қызылжардан жағымсыз жаңалық жетеді. Хабаршы жігіттің айтуынша, Айтбайдың келіншегі орыс жігітімен бірге ұсталыпты. Ызалы жұрт елдің бетін жерге қаратқан әйелді көсемнің жазалауын сұрайды.

Степан қазақ жерінде құдық қазуға келеді. Шұңқырды терең ойғаны соншалық, астынан су атқылаған кезде ішінен шыға алмай қалады. Бірнеше сағат мұздай суда тоңып тұрған Степанның жәрдем шақырған даусын қазақ әйелі естиді. Келіншек беліне арқан байлап, жоғары көтере бергенде күші жетпей өзі де құлап түседі. Оны көрген куәгерлер екеуінің де басын жазықсыздан-жазықсыз дауға қалдырады

Ноғайбай даудың әділ шешімін табу үшін екі тараптың да айтқанын тыңдайды. Мәселені жан-жақты зерттеген көсем соңында Степан мен келіншектің кінәсіз екенін анықтап, өмірлерін ажалдан алып қалады. Ал, бойын ашу мен ыза кернеген Айтбай шаңырағын өз қолымен шайтқалтқанын кеш түсінеді.

Қара қылды қақ жаратын Ноғайбай бидің ұлы да дәл өзі сияқты шешен болып ер жетеді. Ақылбек те әкесі секілді небәрі 16 жасында елдің сенімін иеленіп, халқына біраз көмегін тигізеді. Ақылбектің рөлін Нұрбол Құмаршиев сомдады.

Нұрбол Құмаршиев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Бұл рөлде әке мен баланың махаббатын көруге болады. Ноғайбайдың ұлына деген сенімі мен үміті көрсетіледі. Ол өз билігін Ақылбекке тапсырады.

Ал, Ноғайбай бидің рөлін С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаевтың өзі сомдады. Театрдың көркемдік жетекшісі Фархад Молдағалиевтің сөзінше, ұжым спектакльге 1 жарым ай дайындалған.

Фархад Моладағалиев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– “Ноғайбай” бидің қойылымын авторы Болат Жұмабеков. Спектакльді әзірлеуге, оның ұрпағы көп көмегін тигізді. Туынды біраз ізденістің арқасында дүниеге келген.

21-ші театр маусымын ашқан ұжым биыл 10-ға жуық жаңа қойылым әзірлеген.

Маржан Қасымбек