ТЖ

Қатты дауылдың салдары

Ағаштар құлады, электр сымдары үзілді, тіпті мектептің шатыры ұшты. Бұл – өңірде ойнақ құрған кешегі қатты дауылдың салдары. Екпіні күшті жел жерлестерімізді біраз әбігерге салды. Қазір күн райы сәл тұрақталды, алайда, ұзаққа емес.

Кешегі кешкі желдің қарқыны қалада секундына 25 метрді құраған. Дауылдың салдарын бұқара әлеуметтік желілерге жарыса салып жатыр. 20-дан астам ағаш күшті екпінге қарсы тұра алмай, жер сүзді. Біреуі тіпті қоғамдық көліктің алдына құлап түскен. Ол-ол ма, дауыл электр сымдарын да шайқап, шаһардың бірқатар көшелері мен баспаналарын жарықсыз қалдырды. Жел шалғайда жатқан Тайынша мен Тимирязев аудандарының жұртшылығын да әбігерге салды. Дауылдың екпіні бұл аумақтарда секундына 30 метрге дейін жеткен.

Ерік Сарыбаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Тек қана Тайынша ауданындағы Леонидовка елді мекенінде орналасқан мектептің шифрлы шатыры ұшқаны туралы хабар келіп отыр. Қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша оның көлемі 30-40 метрді құрайды.

Құтқарушылар жұртшылықты дауыл жайлы алдын ала ескерткен. 600-ге жуық адамға СМС-хабарлама жіберіліпті. Абырой болғанда, дауылдан зардап шеккендер жоқ. Ал “Қазгидромет” мамандары теріскейліктерді әлі де абай болуға шақырады. Екпіні күшті жел тек сенбі күні сәл бәсеңдейді деп болжанып отыр. Бірақ, ұзаққа емес.

Қымбат Мерғалимова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ директоры:

– Алдағы аптада ауа райы тұрақталмайды. 3-ші онкүндікте дауыл қайта күшіне еніп, кейбір жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жаууы ықтимал.

Айдың аяғында да шуақты күндерден үміттенбеген жөн дейді синоптиктер. Қыркүйектің соңғы күндерінде күздің қара суығы келіп, сынап бағанасы -3 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.

Ақтолқын Солтанханқызы