Қоғам

Темір жол вокзалындағы бармақ басты, көз қыстылық оқиғасы

Қыркүйектің 13-і күні Петропавл темір жол вокзалында бармақ басты, көз қыстылық фактілері тіркелді. Онда “Петропавл-Қызылорда” бағытындағы поезға билет алыпсатарлар арқылы сатылған. Тағы, тасымалға қажетті құжаты жоқ тұрғыннан жолсеріктің 8 мың теңге алғаны анықталды. Бұл жайлы “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық офисінде өткізілген брифингіде айтылды.

Өткен жылы елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ арасында әріптестік жөнінде келісім жасалды. Оның аясында “Адал Жол” жобалық офисі құрылды. Кеңсенің негізгі мақсаты – темір жол желілерінде бармақ басты, көз қыстылық фактілерін анықтау және болдырмау. Бүгінгі күні бастама өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Жақында ғана мониторингтік топ вокзалда бірнеше заңбұзушылық оқиғасын әшкерелеген екен.

Александр Бодуновский – СҚО бойынша арнайы мониторингтік топтың жетекшісі:

– Қыркүйектің 13-і күні қаладағы темір жол вокзалында қоғамдық мониторинг жүргізілді. Онда арнайы адам “Петропавл-Қызылорда” поезіне билет сатып алу үшін кассаға барады. Ол жердеге мамандар тасымалға қажетті рұқсат қағаз жоқ, таусылып қалды деген. Бірақ, шығаберісте жаңағы тұлғаға алыпсатар келіп, өзінің қызметін ұсынады. Сөйтіп, екеуі келісімге келіп, кассаға қайта барады. Осылайша жолаушыға билет рәсімделеді.

Мұның барлығы видеоға түсіріліпті. Экранда адамның алыпсатармен сөйлескені және 8 мың теңге тұратын билеттің 12 мыңға сатылғаны анық көрініп тұр. Бұл қыркүйектің 13-і күні орын алған жалғыз заңбұзушылық фактісі емес. Тағы, вокзал маңында “Петропавл-Қызылорда” бағытындағы поезға билетсіз отырғызу оқиғасы да анықталды.

Александр Бодуновский – СҚО бойынша арнайы мониторингтік топтың жетекшісі:

– Жолсерік жасырын сатып алушыны билетсіз поезға кіргізген. Ол үшін 8 мың теңге алыпты. Бұл оқиға да видеоға түсірілді.

Кейін, қоғамдық мониторингтік топ өкілдері жасырын сатып алушыны “Смирнов” станциясынан түсіріп алады. Қазіргі күні аталған заңбұзушылық материалдары тиісті органдарға беріліпті. Сонымен қатар, поездарға облыстық көліктік бақылау инспекциясының мамандары да бақылау жасап тұрады екен.

Манарбек Ыбыраев – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлім басшысы:

– Жыл басынан бері 30 жолаушылар поезі тексерілді. Нәтижесінде 8 адамның билетсіз жүргені анықталды. Жалпы, 12 хаттама толтырылды.

Заңды бұзған жолсеріктер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 5 АЕК көлемінде айыппұл салыныпты. Сонымен қатар, мамандарды жұмыстан шығару бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ хабарлама жіберілген көрінеді.

Эльмира Сәдуақасова