Халық тарих толқынында

Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне – 20 жыл

Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне биыл 20 жыл толып отыр. Теріскей төріндегі алып мазар қос жаужүрек жерленген Құлшынбай төбесінде орналасқан. Ескерткіштің мерейтойы бүгінде Айыртау ауданында сән-салтанатпен аталып өтілуде. Негізгі іс-шаралар ертең бастау алады. Ал бүгін Петропавлда қос батырға арналған ғылыми-теориялық конференция өтті.

99-шы жылдың 15-ші қазаны. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Айыртаудағы Құлшынбай төбесіндегі 16 метрлік бұл мазарға биыл – 20 жыл.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Ұрысқа шыққанда олар арқаларын бір-біріне түйістіріп, жаумен шайқасқан. Біздің елімізде, өлкемізде Жәңгір ханды тұтқыннан азат еткен Қарасац мен Ағынтай батырлар. Іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 1998 жылы Жабал Ерғалиев есімді Көкшетаудың құометті азаматының сүйінші сұрауымен, жерленген жерлері анықталды.

Мемориалдық кешеннің мерейтойы Айыртауда дүркіретіп тойланып жатқанда Петропавлда отандық тарих ғылымының элитасын жинап отыр. “Ұлы даланың хас батырлары” атты республикалық конференцияға олар Алматы, Қостанай мен елордадан жиылды. Қос батырдың тарихтағы орны сөз болды жиында. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев Қарасайдың ғұмырын зерттеуге өмірінің ұзақ жылдарын арнаған. Сөзінше, Шапырашты руынан шыққан батырдың аты өз заманында бүкіл елге танымал болыпты.

Берекет Кәрібаев – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Алматы қаласы:

– Қарасай батыр атағының ең бір шарықтап танылған кезі – бұл жоңғарлармен алғашқы күрестер. 1628-1652 жылдар кезеңі болды. Осы кезеңде жоңғарлар қазақтарға 3 рет жорық жасаған. Аңыздар бойынша осы шайқастардың бәрінде де Қарасай батырдың есімін кезіктіреміз.

Ал Қарасайдың сенімді серігі – жерлес батыр арғын Ағынтайдың да есімін жиі кездестіруге болады деректерден. Тарихшыларға сенер болсақ, бұл екі жолдас бірлесе 200-ден астам шайқасқа қатысқан. Деректердің бәрін ғалымдар тырнақтап тердік дейді. Өйткені, қазақ тарихындағы бұл кезең турасында ауыз әдебиетінде де, шетел архивтерінде толыққанды мәлімет жоқ. Десе де, қазіргі жас ұрпақ Қарасай мен Ағынтай ерліктерін оқып-білуге құлықсыз, ал антикалық Геракл мен Геркулесті тануға әуес. Осы орайда идеологиялық жұмысқа қарқын қосу қажет.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазір жаңа қазақ театрының құрылысы жүріп жатыр. Осының арқасында техникалық және өзге де мүмкіндіктер артады. Сондықтан, тарихшылар жүргізген зерттеулерді негізге ала отырып қазақ батырлары туралы қойылымдарды көптеп сахналаса жақсы болар еді. Қаржылай қолдау көрсетіледі. Бастысы, жастарымыз осы қойылымдар арқылы шетелдік емес, өзіміздің қаһармандарды таныса дейміз.

Ғалымдар бұл бастаманы қолдайды. Олар тіпті Қарасай мен Ағынтайды кинемотография арқылы ұлықтау керек деп санайды. Неігіз, белгілі бір себептермен ел тарихында көрініс таппай қалған батырлар жоқ емес. Енді ғылыми қауымдастық бірігіп, оларды анықтап, тану бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алмақшы.

Саят Ермек