Қоғам

Жолдау жүктеген міндеттер

Жемқорлықпен күрес, білікті кадрларды даярлау мен халықтың әл-ауқатын көтеру. Петропавлда жолдау жүктеген міндеттер талқыланды. Облыстық кітапханада қоғам өкілдері осыдан екі апта бұрын жарияланған маңызды құжаттағы әр басымдық бойынша ой қосты.

Мемлекет басшысының халыққа алғашқы жолдауы жұртшылықтың жүрегінен орын тапты. Себебі, әрбір сала мен проблема қамтылып, шешу жолдары да көрсетілді. Атқарушы билік маңызды құжатта айқындалған міндеттерді орындауға кірісті. Ертең бұл істі олардың ізбасарлары жалғастырмақ. Президенттік кадрлық резерв – Қазақстанның болашағына ықпал ететін жастардың ортасына айналмақ. Бүгінде 5 жылдық еңбек өтілі бар, жасы 35-ке дейінгі мамандардың өтінішін қабылдау жүріп жатыр. 18 күннің ішінде отандастарымыдың 4 600-ға жуығы өздерінің кандидатураларын ұсыныпты. Келесі айда үміткерлерге арналған тестілеулер бастау алады. Мұнда жауапты берілген үш нұсқадан іздеумен шектелуге болмайды. Мотивациялық хат, эссе жазып, тың жобаны да ұсыну қажет.

Тимур Әбдіреш – СҚО әкімінің баспасөз хатшысы:

– «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді ғой. Елімізде критикалық тұрғыда ойлайтын, білімді жастар көп. Оларға мүмкіндік беру керек.  Өзім де өтініш беріп, бағымды сынап көргім келеді.

Резервке іріктелген мамандар 5 жыл бойы дайындықтан өтіп, кейін ұлттық компания басшылары мен министрліктегі лауазымдарға тағайындалады. Ал, олар жақсы жетекші болу үшін нені ескерулері қажет? Бұның барлығы осыдан мыңдаған жыл бұрын жазылған еңбектерде айқын көрсетілген. Атап айтар болсақ, ғұлама ғалым Әл-Фарабидің трактаттары. Президент ойшыл, философтың 1150 жылдығына орай оның жұмыстарын терең зерттеу қажеттігін атап өтті. Екінші ұстаздың қалдырған мұрасында тағы адалдық жайында да сөз қозғалады. Бұл – әсіресе, басшылық қызметке көтеріліп, «билікті» сезінген жандарға аса қажет қасиет. Себебі, еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі төмендейтін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында “қоғамдық індетпен” күрес жүйелі түрде жүргізілуі тиіс деп қадап айтты.

Сағындық Салмұрзин – СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының белсендісі:

– Жемқорлықты жою үшін әр мемлекет түрлі шараларды қолданып жатыр. Біреулерінде қатаң жаза да қарастырылған. Менің ойымша, бұның барлығы -тәрбиеден. Жастар мен мемлекеттік қызметке келген жас кадрларды тәрбиелеу қажет.

Ал, оны мектеп қабырғасынан ғана емес, балабақшадан, ең дұрысы – отбасыдан бастау қажет. Сонда ғана атқарылып жатқан игі шаруалардың жемісі болады. Бұл ретте әрбір адам жауапкершілік танытып, елінің ертеңі үшін дұрыс таңдау жасауы қажет. Яғни, пара беру мен пара алудан аулақ болу керек.

Эльмира Садвокасова