Мәдениет

Жаңа маусымға әзірлік

Жаңа маусымда – жаңа бағдарламамен. Облыстық филармония ұжымы мерейтойлық 55-ші маусымға дайындалып жатыр. Жоспар ауқымды, репертуарда бірқатар өзгерістер бар. Бастысы, талғамы жоғары өнерсүйер қауымның көңілінен шығып, таң қалдыру.

Скрипка, саксофон, виолончель. Барлығы 20-дан астам аспап. Сан түрлі музыкалық құралдың үйлесімінен туындаған саз облыстық филармонияның сахнасында әуелеп тұр. Кейде музыканттар қолындағы аспаптың шегін біресе босатып, біресе қатайтады. Пернелерін ақырын басып, байқап қояды. Бұл – алдағы маусымашарға әзірліктің қамы. Жүректен шыққан әуен көрерменнің жүрегіне жетуі керек. Эстрадалық-симфониялық оркестр осылай күн сайын 2-3 сағаттап дайындалады. Сүйікті көрермендерін осы жолы таң қалдырмақ ниетте. Қоржындағы 30-ға жуық туындының қатарына биыл тағы 3 жаңа шығарма қосылып отыр.

Евгений Сафронов – Облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрінің дирижері:

– Маусымашар концертте филармонияның сахнасында бұрын-соңды орындалмаған 3 бірдей жаңа туындыны ұсынамыз. Атауларын әзірге құпия ұстайық. Бұл біздің / көрермендерге арналған тартуымыз болмақ.

«Мәңгілік» би ансамблі – облыстық филармониядағы жас ұжымдардың бірі. Құрылғанына небәрі 2 жыл болыпты. Десе де қанжығада талай байқаудың жүлдесі байлаулы.

Михаил Лахтин, «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Біздің ұжымды елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де жақсы таниды. Жуырда Еуропа елдерінде өткен 5 беделді фестивальге қатысып келдік. Біраз жүлдемен оралдық. Филармонияның 55-ші маусымын үлкен жетістіктермен бастағалы отырмыз.

“Қызылжар” халықтық саз ансамблі де жаңа маусымға әзірліктің көркін қыздырған. 36 жылдық тарихы бар ұжымды өңірде үлкені де, кішісі де біледі. Ансамль – талай мерекенің көркі.

Тағы бір талантты ұжымдардың бірі – “Әдем-ау” қазақ би ансамблі. Қос бұрымды, қыпша бел. 19 жылдың ішінде қаншама қыз осында би өнерінің қыр-сырын меңгерді. Мың бұралған бишілердің репертуарында 30-дан астам еңбек бар.

Ақерке Муссалимова – “Әдемі-ау” қазақ би ансамблінің бишісі:

– Мен бұл ансамблге келгеніме 8 жыл болыпты. Дәл осы ұжыммен көптеген елдерді көрдім. Талай жетістіктерге жеттік.

«Мәңгілік» би ансамблі, эстрадалық-симфониялық оркестр, «Қызылжар» халықтық саз ансамблі, “Әдемі-ау”, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі. Бұл ұжымдардың барлығының өнерін көпшілік тамсана тамашалайды.

Расима Сучкова – “Әдемі-ау” қазақ би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Жаңа маусымда 13 ұжым өнер көрсетеді. Көрермендерді таңдамалы шығармалармен қуантамыз деп ойлаймын. Филармонияда талантты да өнерлі әншілер аз емес. Барлықтарыңызды жаңа 55-ші маусымашарға шақырамыз.

Айта кетейік, облыстық филармонияның 55-ші маусымашар концерті қыркүйектің 20-сы күні Жастар сарайында өтеді.

Дана Сәлімқызы