Құрылыс

Жаңа 5 қабатты үйдің жыры

Жаңа 5 қабатты үйдің жыры. Береке шағын ауданында салынған баспана иелері қолдарына кілттерін ала алмай жүр. Нысанды қолданысқа тапсыру мерзімі үнемі шегеріліп келген көрінеді. Тұрғындар бұл жөнінде мамандардан мардымды жауап ала алмағандықтан біздің арнаға келіп жолықты.

5-ші Сенная көшесіндегі мына 5 қабатты үй тұрғындардың айтуы бойынша өткен жылдың соңында тапсырылуы керек болған. Бірақ, ойлағандай шықпады. Кейбіреулері тіпті Жаңа жылды осында қарсы аламыз деп оқталыпты. 5 подъезді баспананың қолданысқа берілуі шегеріле берген көрінеді.
Мұндағы 75 пәтердің біреуі Айгерим Мусинаға тиесілі. Оның арманы – 2 бөлмелі пәтерінің кілтін алып, көптен күткен қоныс тойын тойлау.

Айгерім Мусина – қала тұрғыны:

– Бізге өткен жылдың желтоқсан айында жаңа үйге кіресіздер деп айтқан болатын. Әр мереке сайын күтіп жүрміз.

Баспана «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Үйдің құрылысын “СК Пилон” серіктестігі жүргізіпті. Олар негізгі жұмыстарды шілде айында аяқтаған көрінеді.

Мәриям Мұқашева – қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Қаржыландырудың жоқтығына байланысты құрылысты аяқтау мерзімі шегеріліп келді. Әрі пәтер иелері өз шағымдарымен жолыққан еді. Ол кезде тиісті жұмыстардың барлығы бірдей атқырылмаған болатын және техникалық қадағалау тарапынан ескертулер айтылды. Бүгінде барлық жайттар ескеріліп, кемшіліктер түзетілді.

Қазір үйдің сыртын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол қазан айының соңында аяқталуы тиіс. Әзірге, қалалық құрылыс бөлімі нысанға қатысты барлық құжаттарды ТҮКШ бөліміне бағыттаған.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Құрылыс бөлімі біздің бөлімге барлық құжаттарды тапсырды. Жаңағы үйді ТҮКШ бөліміне өткізу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Одан кейін әділет басқармасында тіркеуден өтетін болады.

Аталған шаруалар атқарылып болған соң пәтер иелері мен ТҮКШ бөлімі арасында тиісті келісім шарт жасалады. Содан кейін ғана барып жаңа баспананың кілттері қожайындарына табыс етіледі. Оның да уақыты әзірге белгісіз.

Дана Сәлімқызы