Денсаулық сақтау

Өз емханаңды таңда: елімізде тіркелу науқаны басталды

Қыркүйектің 15-і күллі Қазақстан бойынша емханаларға тіркелу науқаны басталды. Ол отандастырымызға емделгісі келетін мекемені таңдау құқығын береді. Ал бұл таңдауды жасамағандарға медициналық қызметтер қолжетімсіз болады дейді мамандар. Биылдан бастап жүйеде бірқатар өзгерістер орын алды. Ең маңыздысы – үрдіс енді емханалардың қатысуынсыз жүргізіледі. Бұл өз кезегінде азаматты сырттан есепке қоюды болдырмайды.

Саят Ермек – тілші:

– Емханаларға жаппай тіркелу науқаны екі айға жалғасады. Қарашаның бел ортасына дейін тұрғындардың таңдау жасау құқығы бар. Айту міндет, биылдан бастап процесс толықтай автоматтандырылды. Азаматтар емдеу мекемесіне үйде “е-gov” порталы арқылы тіркелуі тиіс.

Бұл үшін, әрине, электронды цифрлық қолтаңба керек. Егер ол болмаса, ХҚКО жүгіну қажет. Ал қағаз өтініштер енді атымен жоқ. Неге? Өйткені, тіркелген әр пациент үшін емханаға қаражат бөлінеді емес пе? Ал сол ақшаны көбейту үшін кей медициналық ұйымдар қулыққа басып, өтініштерді қолдан жасап келген. Биылдан бастап бұған жол берілмейді.

Лариса Гордеева – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Енді тұрғын үйінде немесе ХҚКО жеке өзі келіп қана тіркеле алады. Бұл процедураны сырттан ешкім жасай алмайды, себебі емханалар тіркеу құқығынан толықтай айырылды. Сондай-ақ, азамат жаңа емхананы таңдаса, бұрынғысынан ол автоматты түрде есептен шығарылады. Яғни, бір адам енді екі мекемеде есепте тұра алмайды.

Тағы бір жаңашылдық мынада: азамат, мәселен, ауылдан қалаға көшіп келді делік. Енді ол өзінің шаһардағы мекен жайына қарайтын емханаға тіркелуі тиіс. Бұрын мұндай шектеу болмаған еді. Алайда, бұл еркіндік бірқатар проблемаларға әкеп соқтырған.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қалада тұрып, ауылдағы емханада тіркеуде тұрған жанға, мәселен, медициналық қызметтерді үйде көрсету қосымша қиындықтар тудырып келді. Сондықтан, егер азамат бір елді мекеннен екіншісіне көшіп келсе, екі-үш апта ішінде өз аумағындағы емханаға барып тіркелгені жөн. Сонда кепілді медициналық көмек қолжетімді әрі жақын болады.

Неігізі, қаланың қай аумағында орналаспасын, шаһар тұрғындарының өзіне ұнайтын емхана мен учаскені таңдау құқығы бар. Бірақ, егер пациенттердің саны шамадан тыс көп болса, көңіліңіз қалаған ұйым сізді тіркеуден бас тартуы мүмкін. Өйткені, бір учаскеде 1700-ден артық емделуші болмауы тиіс. Алайда, Петропавл емханаларындағы жағдай басқа. Орташа есеппен мұндағы бір учаскіге 2 мыңнан астам адам тіркелген. Ал 3-ші қалалық емханада бір учаскеге, тіпті 3 мыңнан астам пациент қарайды екен. Мұндағы гәп – маманның жетіспеушілігінде.

Саят Ермек – тілші:

– Ал егер емхана көңіліңізден шығып жатса, қайта тіркелудің қажеті жоқ. Бірақ, өзіңіздің қай ұйымға қарайтыныңызды бір тексеріп алған абзал дейді мамандар. Айта кеткен жөн, 2 айлық науқан аясында емделу мекемесін ауыстырғандар оған тек 2020-ның 1-ші қаңтарынан бастап жүгіне алады. Ал жыл аяғына дейін бұрынғы емханаға бара тұру керек болады.

Сондай-ақ, науқаннан тыс уақытта кез келген азамат қажет болса жылына бір рет емханасын ауыстыруға құқылы. Мамандар тіркелу мәселесіне сылбыр қарамау керектігін ескертеді. Егер оқыс оқиға орын ала қалса, алғашқы медициналық көмек көрсетілуін, көрсетіледі. Ал емханаға тіркелмеген азаматқа тегін дәрі-дәрмек, созылмалы ауруларға қарсы ем мен диагностика, дәрігерді үйге шақыру сынды қызметтер қолжетімсіз болады.
Бүгінде 3 мыңнан астам солтүстікқазақстандық ешбір емханаға тіркелмеген

Саят Ермек