МТРА жаңалықтары

Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті

Бүгін Петропавлда ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында электронды мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жайында айтылды. Сонымен қатар, қаладағы жолаушылар тасымалы мәселесі де талқыланды. Жыл соңына облыс орталығындағы қоғамдық көлік саны 10 бірлікке артпақ.

Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ бойынша Айыртау ауданы әкімі аппаратының басшысы Әсет Қожахметов баяндама жасады. Соңғы 8 айдың ішінде аудан бойынша 11 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 14 пайызы электрондық түрде жасалыпты.

Әсет Қожахметов – Айыртау ауданы әкімі аппаратының басшысы:

–  Қазір аудан тұрғындарына электронды порталда жұмыс істеу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іске халыққа қызмет көрсету орталығының мобильді топтары жауапты. Олар жыл басынан бері ауылдық округтерге 25 рет барып, түсіндіру шарасын өткіздік. Нәтижесінде 200-ге жуық азамат электронды мемлекеттік қызмет алу әдісін үйренді. Бұл шаруа әлі де жалғасады. Жыл соңына дейін тағы 80-нен аса адамға инновацияның қыр-сырын әңгімелейміз.

Айыртаулықтар әлі де болса мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру қажет. Бұл ведомствоарылық жұмыс тобы мүшелерінің тапсырмасы. Сонымен қатар, отырыста қаладағы жолаушылар тасымалы да сөз болды. Айтар болсақ, биыл Петропавлдағы қоғамдық көліктің саны 8 бірлікке артқан. Оның үстіне қазір шаһардағы барлық автобустарға заман игіліктері еңгізілген.

Дастан Қазиев – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Жолаушылар көлігі жұмысын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында барлық автобустарда GPS жүйесі орнатылған. Сонымен қатар, қоғамдық көлікті пайдаланатын қала тұрғындары үшін «InfoBus» мобильді қосымшасы енгізілді. Арнайы бағдарлама арқылы адамдар автобустың қай жерде келе жатқанын бақылай алады.

Сөз соңында тұрғындардың базынасына тоқтала кетейік. Қазіргі уақытта жерлестеріміздің автобустардың ішкі жағдайына көңілдері толмайды. Олардың айтуынша – орындықтар кір, қысты күні салон салқын. Оның үстіне қоғамдық көліктер тар. Көп адам мінсе сығылысып тұруға мәжбүр. Бірақ бұл мәселе біртіндеп шешімін таппақ. Жыл соңына дейін қаламыздағы қоғамдық көлік саны тағы 10 жаңа техникамен жаңартылмақ екен.

Бердімұрат Баймұқан