Құқық қорғау органдары

Петропавлда қарақшылық шабуыл жасаған жігіт құрықталды

Айласын асырған азамат алысқа бармады! Петропавлда мүгедек жанға қарақшылық шабуыл жасап, ақшасын алып кеткен 23 жастағы жігіт құрықталды. Енді ол 4 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.

Петропавлдық тәртіп сақшыларға Аққайың ауданының 42 жастағы тұрғыны хабарласады. Ол қалада әлдебіреудің өзін тонап кеткенін айтқан. Оқиға желісі мынадай. Жәбірленуші қонақ үйде жалдаған бөлмесін тапсырып, сыртқа шығып келе жатады. Қолында 7 мың теңге көлемінде ақша болған екен. Бір кезде бейтаныс адам оның уысындағы қаржыны жұлып алып, белгісіз бағытта жасырынады. Азамат нашар көргендіктен баукеспенің бет-жүзін жөнді байқамай да қалады. Хабарды ала сала мамандар іске кіріскен. Нәтижесінде қарақшы құрықталды.

Сейілхан Жұмағұлов – Петропавл қаласы ПБ бірінші полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен Қызылжар ауданының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта оның үстінен ҚР ҚК-ның 191-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тергеп-тексеру жұмыстары кезінде тепсе темір үзетін жігіттің бұрындары ұрлық жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Ол қазір қарақшылық шабуыл жасағанын толықтай мойындап отыр.

–  Сол маңнан өтіп бара жатқан едім. Бір уақытта ер адамды көрдім. Жақындап барып темекі сұрадым. Ол маған шылым жоқ деді. Сол сәтте қолындағы ақшаны көрдім. Жұлып алып, үйдің артына қарай қаша жөнелдім.

Айта кетейік, енді ұры қарақшылық шабуыл жасағаны үшін төрт жылға дейін сотталуы мүмкін.

Байболат  Култанов