Білім

Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында

Қыркүйектің 22-сі – Қазақстан халқы тілдері күні. Мейрам қарсаңында №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде мерекелік жиын өтті. Шарада ұстаздар мен оқушылар ұлттық тағамдардың жәрмеңкесін ұйымдастырды.

17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушылары білім ошағының табалдырығын аттағандарды қошеметпен қарсы алып жатыр. Келгендердің жүздерінде – қуаныш. Мұнда түрлі этнос өкілдері жиналған қауымға арнап ұлттық тағамдардың жәрмеңкесін ұйымдастырған. Дәмі тіл үйіретін астың бәрін мектеп мұғалімдері мен оқушылары әзірлеп әкеліпті. 8-сыныпта оқитын Айнұр Ровшенова мерекеге жылда атсалысатынын айтады. Өйткені, ол үшін бұл күннің маңызы зор.

Айнұр Ровшенова – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

– Тілдер күні ең ерекше мереке. Барша Қазақстан халқы бұл мейрамды жылда атап өтеді. Баршаңызды тілдер күнімен шын жүректен құтықтаймын.

Ал, әзірбайжан балалары ұлттық тағамдарынан бөлек, барша халық сүйіп жейтін ыстық бауырсағымызды да пісіріп әкелген. Сондай-ақ, мұнда тар, кеманча, гавал сынды музыкалық аспаптардың кішірейтілген нұсқасын да көруге болады. Балалар үстел үстіне белгілі қаламгерлерінің ең танымал шығармаларын да қойыпты.

Ляман Ибрагимова – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

– Sizi Dil Bayramı münasibətilə təbrik edirəm. Mən bu gün dolma hazırlamışam.

Қазақ, орыс, украин, поляк, армян. Оқу ошағы түрлі ұлт өкілдерінің басын бір шаңырақ астына жиған. Оған дәлел – мектептегі музей. Мұнда 20-дан астам ұлттың салт-дәстүрі және тарихы жайлы біраз ақпар алуға болады. Ұстаздар қауымының сөзінше, оқушылардың бұл мәліметтерді танып-білуде және тілдерді үйренуге деген талпыныстары жоғары.

Ләззат Жолмұқанова – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің директоры:

– Біздің мектебімізде 9 бөлім бар. Әр бөлім өз тілінде балаларға сабақ береді. Өзге ұлттың тілін үйренгісі келетіндерге барлық жағдай жасалған.

Қыркүйектің 22-і – Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл мерекенің 17 мектеп үшін маңызы ерекше. Өйткені, бүгінде білім ошағында түрлі этнос өкілдері – барлығы 1 мыңнан астам бала тәлім алады.

Маржан Қасымбек