Ауыл шаруашылығы

Мамлют ауданында орақ науқаны шамамен 40 пайызға аяқталды

Мамлют ауданында орақ науқаны қарқын алды! Бүгінгі күнге дейін мұндағы шаруалар ашық ауа райын пайдаланып күзгі дала жұмыстарының 40 пайызын аяқтапты. Астықтың шығымдылығы жаман емес. Диқандар бір гектар жерден орташа есеппен 16 жарым центнерден өнім алуда. Майлы дақылдардың берекелігі 9 центнерден асады.

Биылғы ауыл шаруашылығы маусымы теріскейлік диқандар үшін сәтті басталған болатын. Көктем ерте туып, егістік жұмыстары ұзаққа созылмай аяқталды. Жаңбыр да уақытылы жауып, күн де шуағын молынан шашты. Нәтижесінде астық бітік шықты.Енді оны жинар кезде жауын толастар емес. Әр ашық күнді аграрийлер тиімді пайдаланып қалуға асық.

Мамлют ауданындағы “Хуландой” серіктестігіне тиесілі алқапта бір апта бұрын ылғалдылық мөлшері 20 пайыздан асқан екен. Сондықтан, мамандар бидайды дестеге түсіруге мәжбүр болыпты. Қазір көрсетіш 15 процентке дейін төмендеді. Мұндай өнімді жинауға болады.

Муса Сағындықов – “Хуландой” ЖШС бригадирі, Мамлют ауданы:

– Жаңбыр жөнді жұмыс істетер емес. Ауа райының жақсарғанына 1-2 күн ғана болды. Мұны тиімді пайдаланып қалу үшін таңнан қас қарайғанша тер төгудеміз. Өнімдердің шығымдылығына көңіліміз толады. Мәселен, мына алқаптағы “Омбылық 35” сұрыпты бидайдың берекелігі 20 центнердің маңында. Арпа да дәл солай. Бұл биыл үшін жақсы көрсеткіш деп айтуға болады.

Сонымен қатар, биыл серіктестік маңайдағы 190 гектар алқапқа элиталық “Лекомеро” тұқымын да сеуіпті. Ол жердегі астық әлі жиналмаған, дестеде жатқан көрінеді. Шығымдылық өте жақсы болуы тиіс. Себебі, үстіміздегі жылы іргелес орналасқан шаруашылық та өз танабына дәл осындай дәнді сіңірген екен. Нәтижесінде гектарынан 35-40 центерден ырыздық бастырыпты. Алдағы уақытта агроқұрылым өкілдері астықтың жақсы бағамен сатылғанын қалайды. Ол үшін бірінші кезекте балауыз мөлшері жоғары болуы тиіс.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

– “Хуландой” серіктестігіне тиесілі алқаптардағы астықтың дән маңызы жақсы деп айтуға болады. Мысалы, менің қолымдағы өнімнің бойындағы балауыз мөлшері 23 процентті құрайды. Мұндай тауар элеваторларға 60 мың теңгенің үстінде сатылады екен.

Ауа райы қолбайлау болмаса серіктестік өкілдері жақын арада дәнді дақылдарды түгел жинап бітіреді. Бүгіннің өзінде істің 60 пайызын тындырыпты. Кейін, майлы өнімді оруға кіріспек. Бірақ, мұнда биыл рапстың шығымдылығы аса емес. Себебі, аталған өнім түріне қырыққабат күйе көбелегі көп зардабын тигізген.

Муса Сағындықов – “Хуландой” ЖШС бригадирі, Мамлют ауданы:

– Биыл майлы дақылдарды өсіруге көп қаржы жұмсадық. Мәселен, бір ғана рапсты қырыққабат күйе көбелегінен сақтау қалу үшін 5 рет өңдеу жұмысын жүргіздік. Препараттардың құны қымбат. Дәріні бір сепкеннен кейін екінші мәрте қолдана алмайсың. Зиянкестер оған бейімделіп алады. Сондықтан, майлы өнімдердің бағасы жоғары болса екен. Тауарымызды қымбатқа сатсақ шығындарымызды жабатын едік.

Жалпы, биыл Мамлют ауданында астық тұқымы 155 мың гектар жерге себіліпті. Оның 110 мыңы – дәнді, ал қалғаны майлы дақылдарға тиесілі. Өнімдердің шығымы жаман емес, көрсеткіш көңіл қуантады

Жанат Елиясов – Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Бүгінге дейін дәнді дақылдарға тиесілі жердің 48 пайызында жұмыс жүргізілді. Гектар шығымдылығы 16,5 центнерді құрайды. Сонымен қатар, майлы өнімнің шамамен 15 процентінде де шаруа аяқталды. Мұндағы гектар берекелігі 9 центнерден асады. Көбіне аудан орталығындағы элеваторға 3-ші класстағы астық әкелінуде.

Элеваторға жеткізілген дәнді дақылдардың көлемі – 80 мың, ал майлы өнім 5 жарым мың тоннадан асады. Мамлюттік шаруалар ауа райы кедергі болмаса орақ науқанын шамамен 20 күннің ішінде аяқтаймыз деп отыр. Сонымен қатар, бүгінде ауданда көкөніс пен картоп жинау жұмыстары да жүргізілуде.

Байболат Бектемірұлы