Қоғам

Биыл “Ана үйі” қоғамдық қорының құрылғанына – 6 жыл

Мейірімі шексіз жандар. Биыл “Ана үйі” қоғамдық қорының құрылғанына 6 жыл толды. Орталықта осыған дейін қиындыққа тап болған немесе некесіз құрсақ көтерген 70-тен астам нәзікжандыға қолдау көрсетілген. Яғни, мұнда сәбилерін бағып-қағуына және арнайы курстарда оқып, тәжірибе жинақтауына көмектеседі.

Алмагүл Кенжебаева – 2 ұлдың анасы. Жасы биыл 28-ге толыпты. Ол тұңғышын босанған кезде жақындары жанынан табылып, қолдау көрсеткен. Кейін тұрмыста болмаған қыз екінші рет жүкті болған кезде отбасымен өзара түсініспеушілік орын алған көрінеді. Алмагүл босанған соң екінші бөпесін алып осында пана іздеп келіпті. Мұндағы мейірімді жандар жалғызбасты жас ананы бірден бауырына басыпты. Міне, содан бері 1 жылға жуық уақыт өткен.

Алмагүл Кенжебаева:

–  Осында келгеніме өте қуаныштымын. Мұндағы жандар маған барынша өздерінің қолдауларын көрсетті. Қиын кезде жанымнан табылып, баламды бағуыма көмектесті. Ұлым сырқаттанып қалса, олар менен де қатты уайымдап, бар керек-жарағын әзірлеп беретін. Ана үйінде өзімді жалғыз сезінбеймін. Өйткені, маған сенім білдіріп, алға жылжуыма күш беретін жандар бар.

Нәзікжанды тағдырдың қиындығына қайыспай қарсы тұрған. Жас ана 2 ұлын өз күшімен бағып-қағып, үлкен азамат етіп өсірмекші. Ол үшін ерінбей еңбек етіп, қолынан келгеннің барлығын істеуге әзір екен. Алмагүл жуырда «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 3 айлық аспаздық курсын тәмамдаған. Идеясын жүзеге асыру үшін қаржыға қол жеткізсе, шағын кәсіп ашқысы келеді.

Алмагүл Кенжебаева:

–  Осыған дейін тәттілер пісіріп, сатумен айналысқан болатынмын. Ал, мұнда келгенде уақытымды жай өткізбей әрі ермек болсын деп қыздарға арнап түрлі тәтті-дәмділер пісіре бастадым. Оларға мен дайындаған тағамдар бірден ұнады. Кейін қыздар маған арнайы курстарға барып, тәжірибе жинақтауымды ұсынды. Мен оқуға барып жүрген кезде балама бас-көз болды. Әзірлеген тәттілердімді бірнеше сауда нүктелерінде сатып, азын-аулақ ақша тауып жүрмін.

Ана үйі өңірдегі барлық медициналық мекеме, перзентхана және заң органдарымен тығыз байланыс орнатқан. Олар қиындыққа тап болған жас аналардан бөлек, некесіз құрсақ көтерген қыздарды да бауырына басып, мейірімін төгеді. Болашақ аналар сәбиін босанып, баласы 1 жасқа толғанға дейін көмек көрсетіледі.

Ирина Якимова – “Ана үйі” ҚҚ психологы:

– “Ана үйі” қоры ашылғанан бері 70-тен астам анаға қолдау көрсеттік. Олар біздің үйде белгілі бір уақыт аралығында тұрады. Нәзікжандылар мұнда болған кезде оларды қызықтырған курстарына оқуға жібереміз. Кейін, жақындарының немесе жолдастарының қамқорлығына тапсырып, үздіксіз бақылып отыратын боламыз.

Биыл өңірде “Ана үйі” қоғамдық қорының құрылғанына 6 жыл толды. Қазір мұнда балаларымен бірге 5 нәзікжанды тұрып жатыр. Оған қоса, сәбиінің жарық дүниеге келуін күтіп жүрген тағы 3 болашақ ана бар.

Маржан Қасымбек