“Қайырымдылық керуені” байқауына өтініштер қабылдануда

Қоғам

21:49 17 Қыркүйек 2019

Былтыр бастау алған “Қайырымдылық керуені” байқауы елімізде екінші рет өтеді. Яғни, туған жерінің дамуына үлес қосып, мұқтаждардан көмегін аямайтын жандар кезекті мәрте құрмет-қошеметке бөленбек. Конкурсқа игі істерімен көзге түскен кез келген азамат қатыса алады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өтініштерді қабылдау бүгіннен басталды.

2019-дың ақпаны. Республикалық “Қайырымдылық керуені” байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі. Қолы ашық, жүрегі жомарт жандардың конкурсы былтыр тұңғыш рет өткізілген болатын. Меценаттар, белсенді азаматтар мен журналистер. Қоғамдағы түрлі түйіткілдерді шешуге ат салысып жүрген отандастарымыз елордада қошеметке бөленген еді.

Байқау биыл да ұйымдастырылмақ. Жеңімпаздар былтырғыдай «Асар», «Туған жер», «Қайырымдылық тарихы», «Мейірім жолында» және «Батыл жүрек» атты 5 номинация бойынша анықталады. Алдымен, әрине, облыстық кезең өтеді. Одан іріктеліп алынғандар республикалық конкурсқа қатыспақ.

Бақытжан Сәмиева – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Әрбір азамат қатыса алады. 70-тегі кісі де, 50-дегі кісі де қатысады. Мұнда жас бойынша шектеу жоқ. Көп кісіге көмектестім деген ойы болса, мақсаты болса ол кісі бізге хабарлассын, өзінің қандай көмек көрсеткені жайлы түйіндемесін бізге берсін.

Байқауға қатысу үшін мынадай арнайы бланк толтыру керек. Өтініштер қарашаның 26-сына дейін қабылданады. Бірінші республикалық “Қайырымдылық керуені”-не 100-ге тарта конкурсант қатысты. Өңірден 5 үміткер ұсынылған болатын. Бір жерлесіміздің бағы жанды. Қайырымдылық жайында жиі қалам тербеп, біршама жанға көмек қолын созған солтүстікқазақстандық журналист Александра Кондратова “Қайырымдылық тарихы” аталымында лауреат атанды. Ал алдағы конкурсқа баратын жандарды анықтауда қоғамның пікірі де ескерілмек.

Бақытжан Сәмиева – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Адам жайдан жай “Мен сөйттім-бүйттім”,- деп айта алмайды, халық мұның бәрін біледі. Мұның бәрін біз әлеуметтік желілерде жазамыз, халықтан ой күтеміз. Комиссия номинанттарды анықтайды, кейін арасынан 5-еуін шығарып, Нұр-Сұлтанға жібереміз.

Бақытжан Сәмиеваның сөзінше, бізде батыл, қолы ашық, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жандар аз емес. Бірақ, көбі игі істері жайлы тіс жармай, жасырын қалғанды жөн көреді. Дегенмен, ел қаһармандарын білуі тиіс. Байқау мақсаты да осы – оларды бұқараға таныту. Ұйымдастырушылар – Тұңғыш Президент – Елбасы қоры мен еліміздің Іскер әйелдер қауымдастығы. “Қайырымдылық керуені”-нің кезекті жеңімпаздары 2020 жылдың ақпанында – Алғыс айту күні қарсаңында бас қалада марапатталмақ.

Саят Ермек

Бұдан әрі оқыңыз

Бүгін – қасиетті Қадір түні
Петропавлда тегін автотұрақтар салына бастады
Жыл басынан өлкеге 156 отбасы қоныс аударған
Карантин кезінде көрсетілген қаржылай көмек көлемі
ҰОС-ның ардагері 100 жасқа толды
Масаға қарсы дезинсекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр
Вера Яворская: баланы тарихқа баулып өсіру керек
Якорь тұрғындарын судың жетіспеушілігі толғандырады
Балабақшалар келушілерді қайта қабылдайды
Облыс орталығындағы ескі зираттар қоқыстан тазартылып жатыр
“Жасыл ел” жасағы кезекті маусымын бастады
“Адалдық сағаты” онлайн дәрісі